20 отбасының қуанышы 6740

20 отбасының қуанышы

16 қазан 2026 47 Оқу 1 минут

Шалқар ауданында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «Тайқазан» қайырымдылық акциясы өтті. 

Шара аясында аудандық мешіттің есебінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасыға жалпы салмағы 200 кг құрайтын азық-түлік себеттері үлестірілді.

«Сынаққа сабыр ету — мұсылманның сипаты. Қиындыққа ешқашан мойымаңыздар. Отбасыларыңыздан елім, жерім дейтін салиқалы азаматтар өсе берсін»,-деп Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков насихат айтты.

Сонымен қатар Абзал Медетбеков ҚМДБ-ның негізгі жұмыс бағыттарының бірі қайырымдылық екенін атап өтіп, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдіріп, қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатынын мәлімдеді.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі