16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Қадірлі қауым!
Ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен өтіп, қиындыққа төзіп, сынаққа сабыр етіп, азаттықтың ақ таңын атырған халқымыздың қасиетті мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – тарихтың толқыны, шайқалмай, уақыттың соққысын байқамай өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес, оны қолда ұстап тұратын тек шарболаттай шындалған рух, наркескен жаңашыл мінез, арайлы ақ таң үшін күрес. Міне, мәңгілік жасайтын елдің өмірлік ұстанатын кепілі – осы. Мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтардың пешенесіне жазылды.
Отанды сүю – ерекше бақыт, ал оның аптабына күйіп, аязына шыдау әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние. Оның жолында оза шапсаң да, шоқтай жансаң да, жанып жатып арманда қалсаң да жарасады. Бұл – ата-бабаларымыздың асыл арманы.
Тәуелсіздік – Алланың халқымызға берген ұлы сыйы, баға жетпес байлығымыз. Жаратушы Иеміздің ұлы нығметіне шүкір етіп, тәуелсіздікті сәт сайын қорғау, қастерлеп, аялау – еліміздегі әрбір азаматтың адамгершілік борышы.
Осынау нығметтің қадіріне жетіп, тәуелсіздігімізді баянды ету – баршаға ортақ іс, абыройлы міндет. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – дейді халық даналығында. Бірде сахаба пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с): «Уа, Расулалла, ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру…» деп жауап берген. Ал асыл дініміздің ізгі ғұламалары: «Отанды сүю – иманнан», – деп парасатты пікір айтқан.
Алла Тағала Тәуелсіздіктің қадірін білген, ізгілік пен имандылықты ту еткен жастарымыздың қатарын көбейтіп, баршамызға ел игілігі үшін еңбек етуді нәсіп еткей! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке, зор денсаулық тілеймін!
Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ
Ақтөбе облысының Бас имамы