Ырғыз ауданында тасаттық берілді 642

Ырғыз ауданында тасаттық берілді

10 мамыр 2021 194 Оқу 1 минут

Жаңбырмен жер көгереді,

Батамен ел көгереді.

Жаңбыр жауса – жер ырысы,

Батыр туса – ел ырысы, - дейді дана халқымыз.

Жер бетінің гүлденіп, Алланың жаратқан сансыз тіршіліктері қуат алу үшін жаңбырдың маңыздылығы жоғары екенін білеміз. Жаңбыр – Алла Тағаланың ең үлкен нығметтерінің бірі. Алла Тағала Құранда жаңбырды Өзінің «мейірімі» ретінде сипаттайды. Ал, жаңбырдың жаумауының түрлі табиғи себептері болуымен қатар, бүкіл себептердің де жаратушысы болып табылатын Алла Тағала адамдардың күнәсінің көбеюі себепті, ескерту ретінде де жаңбыр жауғызбай қоюы мүмкін. Олай дейтініміз, Алла Тағала Құранда Нұх пайғамбардың күнәға батқан қауымына «Раббыларыңнан күнәларыңа кешірім тілеңдер! Ол – өте кешірімді. Сонда Ол сендерге көктен мол жаңбыр жаудырады. Сендерге дүние-мүлік пен бала-шаға беріп, сендер үшін бау-бақшалар өсіріп, өзендер ағызады», - деп айтқандығын жеткізеді (Нұх сүресі, 10-12 аяттар).

Міне, Алла Тағаланың осы аяты негізінде біраз уақыттан бері жаңбыр жаумай тұрған Ырғыз ауданында аудан тұрғындарының ұйымдастырумен тасаттық берілді. Шариғат талаптарына сай жамағатпен екі ракат намаз оқылып, Алладан тілек тіленді. Сондай-ақ, екі қой құрбандық шалынып, еті мұқтаж жандарға таратылып берілді. Алла Тағала күнәлірімізді кешіріп, тілегімізді қабылдап, баршамызды мейірімен бөлесін деп тілейміз.


Ырғыз аудандық мешітінің баспасөз қызметі