Ақтөбе: Жеті бағыт таныстырылды 480

Ақтөбе: Жеті бағыт таныстырылды

26 қаңтар 2021 244 Оқу 1 минут

Бүгін, «Нұр Ғасыр» мешітінде «2021 жылы басымдық берілетін жеті бағыт» атты Ақтөбе өкілдігінің кеңейтілген жиыны өтті. Оған қала, аудан және ауыл имамдары қатысты. Жиында Бас мүфти биыл бекіткен жеті бағыт имамдарға таныстырылып, оны жүзеге асыру жөнінде жоспар бекітілді. 

Бас имам Төлеби Оспан жиынның алғы сөзінде: «Биыл Бас мүфти муфтияттың қызметін жетілдіруге бағытталған бағдарламалық баяндамасын жолдады. Баяндамада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2021 жылы ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс бағыттарына басымдық берілетіндігі айтылған. Міне, осылайша Бас мүфти дін қызметкерлерінің биыл басымдық беретін бағыттарын айқындап берді. Біз ендігі кезекті осы бағыттар бойынша қызметімізді жүйелі түрде жүзеге асырып, халыққа қызмет етуіміз қажет», - деп атап өтті.  

Жиын барысында аталмыш бағыттарға жеке-жеке тоқталып, жауапты имамдар мен мамандар бекітілді. Сонымен қатар IV Республикалық имамдар форумында қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және Зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» және «Мешіт имамдарының қызметтік әдебі» атты құжаттар таныстырылды. Бұл құжаттар бойынша қала, аудан және ауыл имамдары арасында білім сайысын өткізу белгіленді.

Жиында Бас мүфти бастамасымен діни басқарма жанынан құрылған салттық қызмет көрсету орталығы мен әдеп кеңесінің қызметтері де таныстырылды. Сонымен қатар пандемия жағдайын ескере отырып, жамағат арасында насихат жұмыстарын жүргізіп, діни сауалдарына дер кезінде жауап беру мақсатында арнайы медиа жоспар құрылды.

Жиын соңында Бас мүфти бекіткен жеті бағыт аясында қала, аудан имамдары бар күш-жігерін салып қызмет етуге әзір екендіктерін жеткізді.



Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің 

баспасөз қызметі