Жұмағали ишан ұстаған мешіт 5641

Жұмағали ишан ұстаған мешіт

13 қараша 2025 4 Оқу 1 минут

Халқымыздың тарихында дәстүрлі діннің дала руханиятының алтын діңгегіне айналған кезеңдері болған. Сол кезеңдерді жасаған, рухани өркениеттің өзегіненәр берген тұлғалар советтік идеологияның салдарынан мүлде ұмытылып, есімдері ұрпақ жадынанөшуге жақындаған еді.

Бұл — бір мақалаға сыймайтын тақырып. Ишандар институтының жүйесін қызылдар талқандағанға дейін,халықтың рухани жетекшісіне айналған тұлғалар мен білім ошақтары аз болмаған. Сондай білім ошақтарының бірі, бірі ғана емес бірегейі — біздің облыс аумағында орналасқан Жұмағали ишан мешіті.

Қазіргі картографиялық өлшеммен зерделейтін болсақ,Жұмағали ишан мешіті Байғанин ауданының Дияр ауылынан шығысқа қарай 99 шақырым қашықтықта орналасқан.Ғылыми айналымға Тасқабақ кешені деген атпен енген.Халық арасында «Жұмағали ишан ұстаған мешіт» деп аталады.

Ақтөбе өңірі ескерткіштерін зерттеумен 40 жылдан астам уақыт бойы айналысып келе жатқан ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессорСерік Әжіғали мешіттің салынуын Жұмағали ишан Оразалыұлымен байланыстырады.Ишанның жоғарғы білімді, ХХ ғасыр басында ІІ Мемлекеттік Думада қазақтың рухани мәселелері жайлы сөз сөйлеген, ұлт тағдыры, халықтың мәдени сауатын арттыру туралыөз пікірлерін алға тартқан тұлға екені жайында мәліметтер келтіреді.Жұмағали ишан ұстаған мешіт төртбұрышты, ені мен ұзындығы 10,8 метр және 10,9 метр болып келеді және екі бөлмеден тұрады.

Көрнекті дін қайраткері Жұмағали ишан Оразалыұлы 1860-1906 жылдары өмір сүрген. Мысыр еліндегі  атақты әл-Азһар медресесінде діни білім алған. 1874 жылы қажылыққа келген Досжан ишан Қашақұлымен кездесіп, онымен бірге елге қайтып, 1892 жылға дейін Досжан ишанның Шұбарқұдықтағы мешітінде имам болған. Кейін Досжан хазіреттен рұқсат алып, атақонысы Доңызтауға оралып, Тасқабақта мешіт салдырған. Өмірден өткенше осында имамдық қызмет атқарып, бала оқытқан. Ал кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы жылдарда Жұмағали ишан мешіті мектепке ғимарат ретінде алынған. Соңынан оны тіпті мал қораға айналдырған. Кеңес билігі Доңызтау аймағынақұпия әскери база салатын болып, тұрғылықты жұртын көшірген соң, Тасқабақтағы Жұмағали ишан мешіті мүлде қараусыз қалған.

Жұмағали ишанның дін жолына түсіп, даналық пен білімді қатар игеруіне әкесінің ықпалы көп болған. Оразалы ишан өзінің зерек те ақылды ұлы Жұмағалидың сол заманға сай мұсылманша терең білім алуын көздеп, бозбала жасынан алыс Мысыр еліне аттандырады. Білімқұмар ұлының беталысынан зор үміт күткен әке сол кезде Мысырдағы оқу орындарының ақылы болуына қарамай, бар малын баласының қажетіне жұмсаса керек. Бірақ көп ұзамай Оразалы ишан қайтыс болады. Асқар таудай әкесі — жалғыз тірегінен айырылған Жұмағали жат жерде көп тарығады. Оған жаны ашыған ұстаздарының бірі: «Аса қабілетті бір түрік баласы, қаржы жетіспеушілігінен оқуын үзіп алатын түрі бар. Соған көмектесіп, сауабын алатын жан табылар ма екен?» — деп, жан-жақтағы «осының күйі бар-ау» дейтіндей таныстарының бәріне өтініш жолдайды.Мысырдың маңындағы елді мекендердің бірінен осы хабарды естіпарнайы келген бай араб кісісі Жұмағалимен тілдесіп көргеннен кейін, оның білім-парасатына көңілі толып, оқу ақысын төлеуге келісім береді. Бірақ «медресені бітірген соң, менің қарамағыма келіп, оқытушылық қызмет атқарсың» — деп талап қойыпты.

Досжан хазірет Меккеге барған сапарларының біріндеосы Жұмағали туралы естіген екен. Бұл 1870 жылдардың шамасы болса керек. Хазірет әдейілеп адам жіберіп, Жұмағалиды алдырады. Оның жайына әбден қанғаннан кейін,«қаласаң, араб байымен сөйлесіп, сені елге қайтарудың қамын жасаймын» деп кеңеседі. О баста оқуға, білімге құштарлықпен араб байына уәде беруін берсе де, артынан елін аңсап, уайымдап жүрген Жұмағали үшін бұл көктен тілегені жерден табылғандай қуаныш еді. Олар араб байымен кездесіп, келісімге келеді. Досжан хазірет Жұмағалидың жол шығынын да өтеп, елге алып қайтыпты.

Елге келгеннен кейін Жұмағали ишан Шилі мешітінде, яғни қазіргі Темір ауданындағы Досжан ишанның көне мешітіндеөзі алған білімін енді жастарға бермекке барын сала тырысады. Оның алдынан жыл сайын жүздеген шәкірт өтеді. Адалдығымен, сауаттылығымен, еңбекқорлығымен жұрт көзіне ілігеді. Сенімін ақтаған адамға кім риза болмасын? Досжан хазіреттің те Жұмағалиға шын сүйінгені, сенгені болар, сұлу қызы Ұммагүлсімді беріп, өзіне күйеубала етеді. Атасының қолында, Шилі мешітіне біраз уақыт еңбек сіңіріп, арада 10-15 жыл өткеннен кейін Жұмағали Досжан хазіреттен рұқсат алып, өз атамекені — ажым-қаражондардың ортасына қайтады. Мұнда атасының үлгісімен үлкен мешіт салып, айналасына бау-бақша егіп, оқытушылық қызметін жалғастырады.

Жұмағали ишан ел ішінің шаруасымен бірнеше рет Ресей империясының бас қаласы — Петербурге деқатынаған. Негізінен, қариялардың айтуынша, патшаның бұратана халықтарды христиан дініне енгізу бағытындағы астыртын саясатына қарсылығын білдіру мақсатымен барған деген де сөз қалған. Тіпті «панисламист, пантюркист» деген айып тағылып, абақтының да дәмін татқан екен.Ол 1905 жылы да Петербурге аттаныпты. Бірақ осы сапарында діттеген жеріне жетпей, жолда қайтыс болады.Жұмағали ишанның бұл сапарға шыққандағы мақсаты — өзінің пікірлес досы, тілеу, қабақ руларының беделді адамы Мырзағұлға қол ұшын беру еді. Мырзағұл сол кезде салынып жатқан Орынбор-Ташкент теміржолына бірнеше рет шабуылдап, «малымызды үркітеді, елге небір жаманшылықтарды әкеліп, шаруамызды кері кетіреді»— деп, сөзі жүретін жігіттерді жиып, рельстерді қопарып тастаған екен. Ақырында оны «мемлекет ісіне қарсы» деп ұстап, түрмеге қамап қояды. Мырзағұл сонда «Мені бір құтқарсаң, сен ғана құтқара аласың»—деп, Жұмағалиға кісі жіберіп, сәлем жолдапты. Жұмағали да аянып қалмай, қайткенде бір жәрдемін тигізбекке бекінсе керек. Бірақ тағдыр ондай күнге жеткізбепті.

Жұмағали ишан сынды ұлт тарихындағы көрнекті тұлғалардың ұлт мүддесі жолында жасаған ұшан-теңіз қызметі кешегі кеңестік заманда мүлде ескерусіз қалып, керісінше, тіпті олардың есімдерін атап, игі істерін еске алуға тыйым салынды. Енді еліміз тәуелсіздік алған шақта, Жұмағали ишанның өмір жолы зерттеліп, құм астында қалған мұрасы — көне мешіті аршылып, ел назарына ұсынылып, ұлтымыздың рухани түлеуіне қызмет етуге тиіс деп ойлаймыз. Тарихи жадымыз қайта оянсын десек, ұлттың асыл қасиеттерін сақтау жолында, мәдениеті мен білімін көтеру жолында ұшан-теңіз еңбек сіңірген айтулы тұлғалардың бейнесін қайта жаңғыртып, бүгінгі жас ұрпаққа ұсынып, насихаттау керек. Доңызтау өңіріндегі Жұмағали ишан мешітін зерттеу ісін қолға алғандағы мақсат осы еді. Бұл мешіт —облыс аумағындағыкөне рухани орталықтардың бірі.Бүгінгі күні мешіт орнындағы археологиялық қазба жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыстар барысында мешіттің іргетасы аршып алынып, конструкциялық ерекшеліктері анықталды. Сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде көне жәдігерлер, атап айтқанда, Құран кітаптарының қиындылары мен мыстан жасалған үзеңгі табылды. ХХ ғасырдың бас кезіндегі халықтық сәулет өнерінің ескерткішін сақтап қалу мақсатымен консервация жұмыстарын жүргізу де жоспарланған. Бұл биылғы жылы іске асырылмақ.

Халық өзінің кім екенін, қайдан келгенін ұғынуы үшін өз тарихын терең білуі керек. Тек өткенімізді біліп, бүгінімізді айқындау үшін ғана емес, болашақтың іргетасын бекем қалау үшін де тарихи танымның маңызы зор. Әсіресе бүгінгі жаһандану заманында ата-бабаның жүріп өткен жолын, дүниетанымын, ту етіп ұстанған құндылықтарын сан мәрте зерделеп, осы жолдан ауытқымауды жас ұрпаққа насихаттап, жеткізе білу — қасиетті борыш. Бұл тек тарихты танып-білу үшін ғана емес, халқымыздың тәуелсіздігін, ұлттың өзіндік бет-бейнесін, біргейлігін сақтап қалу үшін де аса қажет іс екені сөзсіз. Сондықтан Жұмағали ишан мешітінің орнында жасалып жатқан жұмыстар — оның мұрасын зерттеп-зерделеу жолындағы істердің басы деп білеміз. Ұлттың болашағы жолында аянбай еңьек еткен тұлғалардың өсиеті мен ұлағаты қайта үстемдік құрған сайын, халқымыздың мерейі де өсе бермек дегіміз келеді.

Фархат ДОСМҰРАТОВ,

облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу,

қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры.