ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ \ Жұма уағызы 3545

ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ \ Жұма уағызы

23 тамыз 2024 20 Оқу 1 минут

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Аллаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Алла Тағала адамдарға тура жолды нұсқап, адасушылықтан құтқару үшін әр қауымға пайғамбарлар жіберіп, кітаптар түсірді. Адамзат нәпсілік қалауларына ерік беріп, тура жолдан ауытқыған сайын Жаратушы тарапынан оларға ескертуші Елші келіп отырды. Өйткені тура жолда болып, адасушылықтан сақтану – адам баласының бұл дүниеде дұрыс өмір сүруіне, ақыреттік бақытқа қол жеткізуіне ықпал ететін негізгі себеп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 43-аятында жәннат иелерінің:

الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي هَدَانَا لِهَذَا وَمَا كُنَّا لِنَهْتَدِيَ لَوْلا أَنْ هَدَانَا اللَّهُ لَقَدْ جَاءَتْ رُسُلُ رَبِّنَا بِالْحَقِّ

«Барлық мақтау бізді осы тура жолға салған Аллаға тән. Егер Алла бізді тура жолға салмаса, өзіміз тура жолды таба алмайтын едік. Расында Раббымыздың елшілері, шындықты келтірген еді», – деп айтатындығын баяндаған.

Асыл дініміздің негізі қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті екендігі мәлім. Алайда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғаннан кейін мұсылмандарды тура жолдан бұрғысы келіп, қасиетті Құран аяттары мен Алла Елшісінің хадистерін бұрмалап түсіндіруші түрлі топтар пайда болды. Насихат сұраған бір сахабасына ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أُوْصِيْكُمْ بِتَقْوَى اللهِ عَزَّ وَ جَلَّ وَالسَّمْعِ وَالطَّاعَةِ وَإِنْ تَأَمَّرَ عَلَيْكُمْ عَبْدٌ فَإِنَّهُ مَنْ يَعِشْ مِنْكُمْ فَسَيَرَي اخْتِلاَفًا كَثِيْرًا فَعَلَيْكُمْ بِسُنَّتِي وَسُنَّةِ الخُلَفَاءِ الرَّاشِدِيْنَ المَهْدِيِّيْنَ عَضُّوا عَلَيْهَا بِالنَّوَاجِذِ

«Сендерге Ұлық Алла Тағаладан қорқуға және егер сендерге бір құл әмірші (басшы) болса да, оны тыңдауға және оған бойсұнуға өсиет етемін. Расында, араларыңдағы көп өмір сүргендер, әлі көп ұрыс-керіске (фитнаға) тап болады, сондықтан сендерге еш ауытқымай менің сүннетімді және дұрыс жолмен жүрген діндар халифалардың сүннетін ұстану керек болады», – деп айтқан (имам Термизи).

Бұл хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінен кейін дінді бұрмалаушы түрлі топтардың болатындығын айтып, сонымен қатар тақуалықты ұстану, басшыға бағыну, әһлі сүннет уәл-жамағат жолымен жүру сияқты тура жолдарды айтып, түрлі жат ағымдардан сақтануды ескертіп кеткен. Қазіргі күндері де кезінде болған ағымдардың ізбасарлары бар. Тек олардың атаулары мен қызмет жасау тәсілдері өзгерген демесек, негізгі ұстанымдары сол. Сондықтан қазіргі таңда да жат ағым ықпалында кетпеу үшін әрбір мұсылманның дұрыс жолда берік болуы, теріс ағымнан сақтануы аса маңызды. Бүгінгі жұма уағызымызда жат ағымнан сақтанудың мынадай бірнеше жолына тоқталамыз:

 

Бірінші: әһлі сүннет жолында берік болу

«Әһлі сүннет уәл-жамағат» жолын ұстанушы деп – Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін ұстанып, мұсылман жамағатымен бірге жүретін мұсылманды айтамыз. Әһлі сүннет уәл-жамағаттың ақидадағы имамы екеу. Ол  Имам Матуриди және Имам Әшғари (Алла оларды рақымына алсын). Орта Азия мұсылмандары, соның ішінде қазақ халқы ғасырлар бойы имам Матуриди ақидасын ұстанып келді. Ислам әлеміндегі ақида мәселесінде талас күшейген заманда имам Матуриди мұсылмандар арасына жік салғалы тұрған теріс ағымдарға қарсы өзінің ұшқыр білімділігімен, аят, хадистерден алынған дәлелдерге сүйеніп, өте маңызды мәселелерді дұрыс шеше білді. Мұсылмандарды теріс пиғылды ағымдар жетегінен қорғады. Осылайша Ислам ақидасын бір жүйеге түсіргені үшін имам Матуриди «Мусахихул ақидатил муслимин» («Мұсылмандардың ақидасын түзетуші») және «Ағламул һуда» («Тура жолды білуші») деген атаққа ие болды.

Бүгінде айналамызда Матуриди мен Әшғари мектебін ұстану дұрыс емес деп, оны адасушылық санап, тіпті оны Әһлі сүннет уәл-жамағат қатарына жатпайды деп санайтын қате пікірдегі топтар пайда болды. Әлемдегі тоқсан пайыз сунниттердің 87 пайызы «Матуридилік» және «Әшғарилік» ақида мектебін ұстанады.

Баршамыз мақтаныш тұтатын кешегі өткен Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани (1286-1357), Һибатулла әт-Тарази, Хусам ад-дин әс-Сығнақи және басқа да Сығнақ пен Кердер ғалымдары, Тараз бен Отырар ғұламалары, берісі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп бәрі де фиқһта Ханафи мәзһабын, ақидада (сенімде) Матуриди мектебін ұстанған. Сондықтан о бастан сунниттік екеніміз, іс-амалда Ханафи мәзһабы мен сенімде Матуриди жолын таңдауымыз ұлт ретінде ұйысып, мемлекет ретінде дамуымызға тың серпін берген. Ендеше, бүгінгі күні ұсақ-түйекті таласқа айналдырмай, дінде де ата-бабамыз салып кеткен сара жолды ұстануымыз аса маңызды.

 

Екінші: мәзһаб ұстану

Жат ағым өкілдері көбіне «Мәзһаб ұстанудың қажеті жоқ», «Пайғамбар мен сахабалардың кезінде мәзһаб болмаған» деген сынды сөздерді келтіріп, қарапайым адамдар арасына күмән салады.

Олардың ойынша, әрбір адам ешбір ғалымның айтқанына сүйенбей, Құраннан, хадистен үкімдерді тікелей алып, амалға асыра беруі қажет. Осы және басқа да кертартпа ойларын алға тартып, енді-енді дін жолына түсіп, Алланың әмірлерін орындауға бет бұрған мұсылман жастарының жүректеріне сызат салуда. Олар мәзһабпен үкім ететіндерді діннен бөлек ағым сияқты көрсеткісі келіп: «Сен Құран мен сүннетті ұстанасың ба, әлде Әбу Ханифаның жолын ұстанасың ба?»  – деген сұрақтарын қояды.

Жалпы «мәзһаб» сөзі – жүретін жол, бағыт деген ұғымды білдіреді. Шариғи тұрғыда мәзһаб деп арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен бірізділікпен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын айтамыз. Демек Ханафи, Малики, Шафиғи және Ханбали мәзһабы дегенде жеке адамдардың пікірі емес, көптеген ғалымдардан құралған үлкен құқықтық мектептің бағыты меңзеледі. Әрине, мәзһаб ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде болмады. Сахабалар Алла Елшісінің көзі тірісінде басқадан пәтуа сұрамайтын еді. Өйткені Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тұрғанда жәй адамдардың ижтиһадына (белгілі бір негізге сай өз бетінше пәтуа беруіне) жол жоқ еді. Ол кезде ижтиһад жасауға тек ардақты Пайғамбарымыз ғана құқылы болатын. Ал Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бақилық болғанда сахабалардың барлығы емес, тек белгілі бір бөлігі ғана пәтуа бере алатын еді. Тіпті бұл жауапты міндет ең көп хадис риуаят еткен сахаба бола тұра, Әбу Һурайраға да бұйырмады. Себебі ол фақиһ (ислам шариғатының білгірі) ретінде танылмаған еді. Тек санаулы ғалым сахабалар ғана халықтың мәселелеріне жауап беріп отырды. Бұл фақиһ сахабалардың арасында Омар ибн Хаттаб, Әли ибн Әбу Талиб, Айша анамыз, Абдулла ибн Масғұд, Зәйд ибн Сәбит, Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (Алла оларға разы болсын) сынды саңлақ сахабалар бар еді.

Келесі буын табиғиндардың (сахабаларды көргендер) кезінде де тек білім иелері ғана пәтуа берумен айналысты. Олардың ішінде білімді сахабалардың ілім алқаларына қатысып, ілім үйренгендер болды. Міне осы табиғиндер кезеңінде фиқһ мәзһабтардың негізі қаланды. Ханафи мәзһабының имамы Әбу Ханифа да осы кезеңде өмір сүрген табиғиндердің буынына жатады.

Қазіргі уақытта мәзһаб ұстану – темірқазық іспеттес бағыт-бағдар берер тура жол. Оны мынадай мысал арқылы түсіндіруімізге болады:

Бір шебер құрылысшы әке балаларына баспана тұрғызуды көздейді. Көз өлшемімен өлшеп, ешқандай қалыпсыз, күректің өзімен ойып кірпіш құяды. Қолмен жасаған кірпіштермен ол үй соға бастайды. Кірпіштер бір қолдан шыққан соң, біркелкі болып, үйдің дуалы да түп-түзу қаланады. Алайда үйдің жартысына жеткенде ол діттеген мақсатына жете алмай дүние салады. Ендігі жерде оның балалары әкелері бастаған үйді жалғастырмақ болады. Әкелері сияқты кірпішті қолмен құймақ болған ұлдары оңды нәтижеге қол жеткізе алмады. Себебі олар жасаған кірпіш әкелерінің кірпішіне мүлде ұқсамай, үйдің дуалы қисық өріле бастайды. Бұл кірпіштермен дуалды өруге болмайтынын кеш болса да, түсінеді. Осы кезде ақылдасып, әкелері жасаған кірпіштің бір данасын алып, оның сыртынан қалып жасатады. Міне енді ғана сол жасалған қалыпты қолданып құйған кірпіштері әкелерінің кірпіштерінен аумай, үйдің дуалы бір қолдан шыққандай, бірізділікпен өріліп шығады.

Осы мысалдағыдай, Құран мен хадистен алдыңғы буындарға ұқсап, үкім шығара білу үшін де белгілі бір қалып қажет. Қарапайым үй құрылысының өзінде қалып қажет болып тұрса, шариғат сияқты аса күрделі мәселеде қалыптың болуы әлдеқайда маңыздырақ. Ол қалыптар ғұламалардың үкім шығаруда қолданған өміршең тәсілдері мен ережелері, яғни мәзһаб болып саналады.

 

Қисса

Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) бір күні жалғыз отырып терең ойға шомады. Дереу Абдулла ибн Аббасқа (Алла оған разы болсын) хабаршы жіберіп, шақыртып алып: «Болашақта бұл үммет қалай ғана түрлі ағымдарға бөлініп кетеді? Олардың Құраны, пайғамбары және құбыласы бір емес пе?» деп сұрақ қояды. Сонда Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Уа, мүминдердің әміршісі! Құран біздің заманымызда түскендіктен біз қай аяттың қашан, не үшін және не жайында түскенін жақсы білеміз. Бізден кейін келетін буындар, олар Құран оқиды, алайда қай аяттың қашан, не жайында түскенін білмегендіктен олардың ойлары сан саққа жүгіреді», – деп жауап қатқан екен.

 

Үшінші: діни сауатты болу

Жат діни ағым иелері көбіне діни сауаты аз адамдарды өз қатарына тартуға тырысады. Өйткені білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін жақсы біледі. Дiни сауатты болу үшiн белгiлi бiр дiни оқу орнын бiтiру міндет емес. Ол үшін асыл дініміздің негіздерін үйрену, мәзһабымызды тану, ата-бабамыздың ұстанған дәстүрлі ислам жолымен адасқан топтардың айырмашылығын білуіміз жат ағым жетегінде кетпеуіміз үшін жеткілікті болмақ.

Діни білімді сенімді көздерден алу керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 43-аятында:

فَاسْأَلُواْ أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ

«Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп білмеген мағлұматты білетін, білім иесінен сұрауды әмір еткен. Діни білімді интернет желісіндегі шекараның ар жағында отырған беймәлім ұстаздардан, белгісіз сайттардан үйренуге болмайды. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық мешіттердің жанында арнайы сауат ашу орталықтары бар. Сонымен қатар интернет желісінде діни мағлұмат алам деушілерге www.muftyat.kz сайты бар. Телефон арқылы сұрақ қойғысы келгендер үшін тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн үзіліссіз жұмыс істейтін діни ақпарат беру орталығына (Call орталық нөмірі 8 707 233 30 30) хабарласуға болады.

Ата-аналар да балалардың ұялы телефоннан қандай ақпарат көріп жүргендігіне аса назар аударуы қажет. Бұл жерде айта кететін жайт, кей ата-аналар дінге қызығушылық білдірген балаларын «ағымға кіріп кетеді» деген қорқынышпен мүлдем мешітке барудан тыйып тастайды. Асылында, қазіргі заманда бұл қате әрекет болып есептеледі. Өйткені мешіттегі сабақтар мен уағыздардан қалыс қалған бала, өз бетінше ғаламтор бетінен ақпарат іздей бастайды, бұл өз кезегінде балаға көбірек қауіп төндіреді. Ең оңтайлы әдіс дінге қызыққан баланың шариғи білім алуын мешіт имамына тапсырып, қадағалап отыру.

 

Төртінші: бірлікте болу

Ислам діні мұсылмандардың өзара туыс екендігін айтып, оларды бірлікте болуға үндеп, бөлінуден тыяды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген (имам Бұхари).

Денені құрайтын ағзалардың бірігіп дұрыс жұмыс жасағанында ғана дененің сау болатындығы сияқты, қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, өзара бауырмалдық пен бірлікте болса, ол қоғам өркендеп гүлденеді.

Жат ағым өкілдері көбіне осы мұсылманның бірлігіне сызат түсіріп, оларды бөлуге, бір-біріне деген дұшпандық сезімін оятуға тырысады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында:

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

«Жер беті дұрысталғаннан кейін бүлікшілік жасамаңдар», – деп айтқан. Бұл – бүгінгі қоғамда дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығарып, халқымыздың айрандай ұйыған берекесін бұзғысы келетін жат пиғылды адамдарға қатысты ескерту. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді.

Ендеше, жастарымызды түрлі ағымдарға еріп кетуден сақтап, қоғамның береке-бірлікте болуы үшін әрқайсымыз аянбай тер төгуіміз қажет.

 

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында Ибн Қайс есімді адам Әус пен Хазраж тайпасының адамдары мәжіліс құрып отырған жерден өтеді. Алдыңғы уақытта бір-бірімен көп жан- жал құрып жүретін екі рудың исламға келгенінен кейінгі ынтымағын көріп шыдай алмай «бұлар біріксе бізге жақсы болмайды» деп, бір баланы шақыртып, олардың ішіне барып, Баус күндерін естеріне түсіріп, өлеңді оқуды бұйырады (Баус күнінде Әус пен Хазраж рулары соғысқан болатын). Бала екі тайпа адамдары жиналып отырған жерге келіп, Баус оқиғасын естеріне түсіріп, өлең оқи бастайды. Сонда мәжілісте отырғандар өзара тартысып, бұрынғы кеткен еселерін еске алып, арты үлкен дауға ұласады.  Бұл турасында ардақты Пайғамбарызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дереу оқиға орнына барады. Сахабаларына: «Мен іштеріңізде тұрып, Алла сендерді исламмен құрметтеп, араларыңа ынтымақ орнағаннан кейін де наданның ісін жасамақпысыңдар?» – деп қатты ескерту жасайды. Осы кезде адамдар дұшпанның сөзіне еріп, шайтанның арбауына түскенін түсінеді. Көз жастарына ерік беріп, бір-бірінен кешірім сұрасады. Сонда Алла Тағала қасиетті Құранның:

وَاذْكُرُوا نِعْمَةَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ

«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені сендер бір-бірлеріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды», – делінген аятын нәзіл еткен екен («Әли Имран» сүресі, 103-аят).

 

Қадірменді жамағат!

Бір күні Суфиян ибн Абдулла (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған ислам турасында өзіңізден басқа ешкімнен сұрамайтындай бір сөз айтыңызшы», – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قُلْ: آمَنْتُ باللَّهِ، ثم اسْتَقِمْ

«Аллаға иман келтірдім де, кейін тура жолды ұстан», – деп насихат айтады.

Хакім Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп айтқанындай, тура жолда берік болып, бірлігіміз бен бауырмалдығымызды сақтап, жат ағымның алдауы мен арбауынан сақтанайық.

Алла Тағала елімізді бүліктен, халқымызды алауыздықтан сақтағай!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі