БІЛІМДІНІҢ МӘРТЕБЕСІ БИІК 2773

БІЛІМДІНІҢ МӘРТЕБЕСІ БИІК

15 маусым 2023 88 Оқу 1 минут

Білім іздену – мұсылманға парыз. Пайғамбарлар да ілім іздеген. Алла Тағала қасиетті Құранда білім жолына түскен Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың тілінде былай баяндайды: «Мұса оған: «Өзіңе үйретілген жақсылыққа, тура жолға бастайтын ілім мен даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерсем бола ма?» деп өтініш білдірді». Аят мағынасына үңілсек, білім мен хикметті үйренгісі келген Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Қызырдан: «Іліміңнен өміріме жол көрсететін нәрселерді алуым үшін саған серік болуыма рұқсат бересің бе?» –деп сұрайды. Осы аятқа тәпсір жазған ғалымдарымыздың айтуынша, бұл – Алла Тағаланың қадірлі пайғамбарының кішіпейілділікпен айтқан сөзі. Кез-келген пенде ілім алғысы келген адамға осылай құрмет көрсетіп, сөйлеуі қажет.

Кез-келген адам білімді ұстазға мұқтаж. Тіпті ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шариғат ілімдерін Жәбірейілдің (оған Алланың сәлемі болсын) ұстаздық етуімен үйренген. Ал сахабалар Пайғамбарымыздан білім үйренген. «Ислам құжаты» атанып кеткен имам Ғазали де өзіне тура жол нұсқайтын ұстаз іздеген. Демек кез-келген адам білімді өз бетінше емес, ұстаз арқылы үйренуі тиіс. Өйткені ұстаздан білім алу – сүннет.

Білім мен амалды нағыз білім мен амал иесінен үйренген абзал. Ал ішкі жан-дүниеміздің, руханиятымыздың мәселесіне келсек, мұны Әнастың (оған Алла разы болсын) мына бір ауыз сөзінен байқауға болады: «Пайғамбарымыздың қабіріне топырақ салып, қолымызды қаққан сәтте-ақ біз өз жүрегіміздің үніне сенбей қалдық». Әнастың (оған Алла разы болсын) бұл сөзінен біз мынаны аңғарамыз: Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрудің өзі олардың жүректеріне шаттық сыйлап, айналасын нұрландырған. Руханияттың биік деңгейіне жеткен адамның жанына жақын жүргендер де одан құр қалмайды. Міне, сондықтан да жақсы адамдарға жақын жүріп, ісі мен сөзі өнеге бола алмайтын кісілерден іргемізді аулақ ұстаған дұрыс.

Кез-келген шәкіртті мақсатына жеткізетін жол – жақсы ұстаз таңдау. Білікті ұстаз ғана шәкіртін білмейтін жердің ой-шұқырынан аман алып өте алады. Біз ұстаздан дұрыс тәлім алу арқылы Алланы танимыз. Алланы жақсы таныған адам, Оны жақсы көреді. Алланы жақсы көрген адам, Оған жетуге, Жаратушы Иеміздің жақсылығынан үлес алуға ұмтылып, осы жолда барын салады. Аллаға жетуге ұмтылсақ, Ол бізді тура жолына бастайды. Яғни құзырында болуға лайықты таңдаулы жандар қатарына қосады. Бұл туралы Хақ Тағала «Анкабут» сүресінің 69-аятында: «Біздің жолымызда аянбай күрескендерді (яғни бойындағы бар күш-жігерін кемел адам, үлгілі мұсылман болу жолында жұмсағандарды) міндетті түрде Өзіміздің жетістікке жеткізетін жолымызға бағыттаймыз. Алла әрдайым Раббысын өз көзімен көріп тұрғандай үнемі игі істер істейтін ізгі жандармен бірге» деп баяндаған. Алла Тағала сіз бен бізге осындай дәрежені нәсіп еткей.

Ұстазбен дос болу және одан білім алу – Алланы тануды мақсат еткен әрқайсымыздың міндетіміз. Бұған Алланың сөзі дәлел болады: «Маған құштар жандардың жолына ілес» («Лұқман» сүресі, 15-аят); «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят).

Шәкіртке ұстаздық етудің тағы бір шарты – оның білім беруге арналған рұқсаты, яғни ол ресми ұстаз болуы керек. «Ондай ұстазды қайдан табамыз?» деген сұрақ тууы мүмкін. Аллаға шүкір, қазір елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 3 мыңға жуық мешіті, 9 медресе-колледжі бар. Мешіттер мен медресе-колледждерде білімді, тәжірибелі ұстаздар жетерлік. Бұдан бөлек Алматы қаласында Нұр-Мүбәрак университетіміз де бар. Діни білім алғысы келетін азаматтар аталған діни оқу орындарына баруға болады.

Жоғарыда айтылғандардан кемелдіктің жоғары деңгейіне жету, көркем сипаттар мен әдеп үйрену үшін және жасырын кемшіліктер мен жүрек дертін айқындап, олардан арылу үшін Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың ізбасарларымен, білікті ұстаздармен, ресми діни қызметкерлермен дос болудың маңызын ұғындық. Себебі медицина саласында біліктілігін дәлелдейтін куәлігі жоқ адам халықты емдейтін мекеме аша алмайды. Инженерлік куәлігі жоқ адамға құрылыс нысанының сызбасын сызу құқығы берілмейді. Білім беру саласының куәлігін алмаған адамға мектептер мен жоғары оқу орындарында білім беру құқығы берілмейді. Сол секілді діни білім алмаған адамға шәкірт тәрбиелеу құқығы ресми берілмейді. Ақылы бар адам медицинадан хабары жоқ кісіге барып емделмейді. Сол сияқты діни білімі жоқ адамнан пәтуа сұралмайды. Мұны естен шығармау керек. Өйткені білім дегеніміз – дін. Сондықтан сіз бен біз дінімізді кімнен үйреніп жатқанымызға аса көңіл бөлуіміз керек. Өкінішке қарай кейбір бауырларымыз интернеттен түрлі діни ұстанымдағы адамдардың сөзін тыңдап, өзін де, өзгені де адастыруда.  

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ибн Омарға өсиет етіп былай деген: «Омардың баласы! Дініңе бекем бол! Дініңе бекем бол! Дін деген – сенің етің және тұлабойыңдағы қаның. Сондықтан дініңді кімнен үйреніп жүргеніңе назар аудар. Дінді тура жолда жүрген жандардан үйрен. Тура жолдан тайған адамдардан үйренбе». Бұл хадис көп нәрсенің мәнін ұқтырса керек.    

Расында білікті ұстаздың жанында отырғанда оның иманының күшін сезінесің. Ол сөйлегенде тек Алланың разылығы үшін ғана сөйлейді. Айтса, тек жақсы нәрсе ғана айтады. Уағыз-насихаттан басқа ешнәрсе айтпайды. Айтқан сөздерінің пайдасы достығының пайдасынан кем түспейді. Алыста жүрсе де, жаныңда жүрсе де, саған бір пайдасы тимей қоймайды. Оның бойынан шынайы иман мен ықыластың, тақуалық пен қарапайымдылықтың көріністерін байқайсың. Ұстазбен қарым-қатынас жасау барысында шын жақсы көру мен шыншылдықтың және өзгенің қамын көбірек ойлау мен шынайы бауырластықтың биік үлгісін көре аласың. Ондай ұстаздан тәлім алған шәкірттің де мәртебесі биік болмақ.  

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Кімде-кім білім алу мақсатында жолға шығатын болса, Алла оның жәннатқа барар жолын жеңілдетеді», – деген. Алла елшісі бірде Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын) есімді сахабасына: «Ей, Әбу Зәрр! Таңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 рәкағат нәпіл намаз оқығаннан да қайырлы. Сол секілді таңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін мың ракағат нәпіл намаз оқудан жақсырақ», – деп өсиет еткен.

Алла Тағала Құранда айтқандай, «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят). Жаратушы Жаббар Иеміз баршамызды және ұрпағымызды білімді етіп, үйренген білімімізге сай амал етуді жазғай. Әмин!  

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №5, 2023 жыл