ҮМІТ ҮЗІЛМЕСІН... 57

ҮМІТ ҮЗІЛМЕСІН...

31 тамыз 2020 144 Оқу 1 минут

Бірнеше ай қатарынан үлкен сынақты бастан кешірдік. Тіпті, бұл сынаққа бүкіл әлем тап болды. Мекке мен Мадинада ине шаншар орын болмайтын қасиетті қос мешіт жамағатсыз қалды. Қажылық орындалмады. Өкінішке қарай, ел мешіттері де жабылды. Азан даусын естіген сайын сап түзеп намаз оқыған күндерді сағындық. Жамағатты сағындық. Иық тірестіріп құлшылық еткен намаздарды аңсадық...

Бұның бәрі жүрегімізге ауыр тиді. Алайда, еңсеміз түспеді. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мүминнің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді − бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады − бұл оған қайырлы» дегендей әр істе бір қайыр бар. Асыл дініміз әр жағдайдан дәріс алуды үйретеді.

Бұл күндерде үйімізді мешітке айналдырдық. Баламыз азан айтып, отбасымыз жамағатымыз болды. Бұл шақты отбасы үшін үлкен мүмкіндік деп білдік. Әке-бала боп көптен бері дастарқанда отырмаған едік. Таң намаздан құптанға дейін мешіттеміз. Бала-шағамызбен отырып ас ішудің өзі қиын еді. Осы күндерде дастарқан басы уағыз алқасына айналды. Жұбайымызбен бірге отырып Құранды хатым еттік. Сұхбаттасу үшін таптырмас уақыт болды.

Бұл жағдай Ислам тарихындағы Худайбия келісімін еске түсіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге кіші қажылық етуге аттанады. Бұл Мекке мен Мадина арасында қақтығыс болып жатқан кез еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандық малдарын алдына салып, қолына мал айдайтын таяғынан басқа ешбір қару алмай, ниеті бейбіт екенін көрсетіп құлшылық сапарына шығады. Худайбия жазығына жеткенде Меккеге қарай бір адым да бастырмаймыз деп бекінген Мекке мүшриктері бес қаруын сайлап күтіп тұрған болатын. Тараптар ұзақ келіссөздер жүргізді. Ақыры келісім қағаз бетіне түсіріліп, ресми құжат етілді. Сахабалар келісімде көрсетілген шарттарға наразылық білдірді. Көңілдері толмады. Өйткені, келісім шартта биыл кіші қажылық етуге рұқсат жоқ, Меккеден мұсылман боп Мадинаға келген адамды кері қайтаруға міндетті деген секілді ауыр шарттар бар еді. Бұл әділетсіз талаптар мұсылмандарды менсінбеу сияқты көрінді. Бірақ, осы Худайбия келісімі асыл дініміздің қарқынды етек жаюына себеп болды. Он жылға бейбітшілік орнату келісімі мұсылман қоғамының дамуына жол ашты. Демек, бұл сырты әділетсіз боп көрінген келісім уақыт өте келе мұсылмандардың мерейін өсірді. Қатарын көбейтті.

Бүгінгі біздің де басымыздан өткеріп жатқан жағдайымыз көңілімізді құлазытты. Алайда, Құдайдың әрбір жіберген сынағын рухани һәм материалдық дамуымызға баспалдақ ету − өз қолымыздағы дүние. Әр жағдайды өз мүддемізге тиімді пайдалануды үйренуіміз қажет. Қасиетті Құранда: «Алла адамдар үшін рақым қазынасын айқара ашатын болса, онда Оның рақымына ешкім де тоқсауыл қоя алмайды. Ал егер рақым қазынасын жабар болса, оны Одан басқа ешкім де адамдарға жібере алмайды. Ол – Азиз, үстем. Хаким, даналық Иесі» делінген.

Басымызға келетін әрбір жағдай − Жаратушы Иенің қалауы. Біздің міндетіміз − Құдайдан қолдау сұрай отырып, бар қайрат һәм қабілетімізбен қам-қарекетімізді жасау. Сахаба Жабир бин Абдулла былай дейді: Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние саларынан үш күн бұрын маған: «Сендердің Алла Тағала жайлы ойларың жақсы болмайынша көз жұмбаңдар» деді. Демек, «Е, Құдай! Мен не жаздым!» деген сияқты нала сөздер, өкінішке қарай, Алла Тағала туралы ойдың дұрыс еместігін білдіреді. Ал, ойдың түзулігі – Алла Тағала маған әркез мейірімді һәм жақсылық қалайды деген ойда болу. Расында мына жалғанда Аллаға, Оның елшісіне иман еткеннен қайырлы дүние жоқ. Иманнан кейінгі ең жақсылық – құлшылық пен шүкіршілік. Ал, мұнан кейінгі қайырлы дүние Алла Тағала жайлы жақсы ойда болу.

Сүйікті Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Алла Тағаланың өзіңе бөліп бергеніне разы бол. Сонда адамдардың ең байы сен боласың...» деген екен. Үмітсіз жаннан без дегендей, мұсылман ешуақытта Раббысының жақсылығы мен мейірімінен үміт үзбейді. Қала берсе, асыл дінімізде үмітсіздік – ауыр күнә боп есептеледі. Сахаба Убай бин Кағбке (р.а.) бір кісі келіп: «Тағдырға қатысты ойыма бір күдік ұялады. Бұл менің дінім һәм қара басымды құртатын сияқты. Содан арыла алар емеспін» деп көмек сұрап келеді. Бұған сахаба: «Уа, бауырым! Алла Тағала жеті қабаттағы және жер бетіндегілерді азаптайтын болса, Ол ешбір зұлымдық етуші емес. Ал, рақыметі мен мейіріміне бөлесе, пенделерінің ісінен әлдеқайда артығымен мейірімін төгеді. Сен тағдырға иман етпейінше, Ұхуд тауындай алтынды садақа етсең де, Алла Тағала қабыл етпейді. Сенің басыңа келген жағдай ешбір жанап өтпейтіндігін, ал сені айналып өткен нәрсе ешуақытта саған тимейтіндігіне иман етпейінше болмайды» деп ақыл-кеңес айтқан екен.

Жуырда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ведомствоаралық комиссияға еліміздегі мешіттерді қайта ашу жөнінде ұсыныс білдірген еді. Міне, сол ұсыныс қабылданып, бірнеше айдан бері жабық тұрған Жаратқанның жер бетіндегі үйі – мешіттердің қақпалары қайта айқара ашылды. «Уа, Алла! Маған мейірім мен рақымет есігіңді аша гөр» деп дұға жасап мешіт босағасын аттайтын күнге де жеттік. Аллаға сансыз шүкір!

Осы сындарлы шақта жамағатымыз мүфтият бастаған барлық игі бастамаларға атсалысты. Білек сыбанып, сауап істе жарысты. Ауызбіршілік пен ынтымағын көрсетті. Ең бастысы, мұсылмандықты тілмен емес іспен көрсетті. Алла Тағала елімізді тыныштық пен берекесінен айырмағай!

Төлеби Оспан,

Ақтөбе облысының бас имамы