ҚАЖЫЛАРДЫ ҚАРСЫ АЛУ ШАРИҒАТЫМЫЗҒА ҚАЙШЫ ЕМЕС ПЕ? 3509

ҚАЖЫЛАРДЫ ҚАРСЫ АЛУ ШАРИҒАТЫМЫЗҒА ҚАЙШЫ ЕМЕС ПЕ?

07 тамыз 2024 321 Оқу 1 минут

«Қажылық» сөздікте – қасиетті орындарды зиярат ету деген мағынаны береді. Ал діни тұрғыдан «Арафат тауында ғибадат ниетімен бір уақыт тұру, одан соң шарттарына сай тауап ету арқылы Қағбаға зиярат жасау, тағы да басқа амалдарын орындау» дегенді білдіреді.

Және бір түсіндірмеде қажылық деп «қасиетті Қағбаны белгілі күндерде, белгілі шарттармен зиярат ету» делінген.

Қажылық рәсімі аяқталғаннан кейін қажылар елге оралады. Алла Тағала қажылық кезінде оларға Өз ұлылығы мен құдіретін көрсетіп, сансыз игіліктер сыйлады.

Қажылық жасаушылар туралы ардақты пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Қажылық пен ұмра жасаушылар – Алланың қонақтары. Алла оларды шақырды, олар да Оның шақыруына жауап берді. Олар Алладан қалауын сұрауда, Алла да сұрағандарын береді»[1].

Қажылардың мақсаты – Алла Тағаланың разылығы және күнәларының кешірілуі. Бұдан өзге ештеңе емес. Алла елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өмірі туралы кітаптарда Отанына оралған кезде қажыларға ерекше құрмет көрсетілу сәті жиі сипатталады.

Мұсылман қажыларды кездестіргенде оларға пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде келтірілетін сөздерді айтуы керек: 

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ لَهَا فِي عُمْرَتِهَا:

 

(( إِنَّ لَكِ مِنَ الأَجْرِ عَلَى قَدْرِ نَصَبِكِ وَنَفَقَتِكِ )).

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға: «Сенің (ұмрадағы) сауабың шаршауың мен қаражат жұмсауыңа қарай беріледі»[2], — деген.

Тағы бір хадисте: Имам Бұхари (Алла оны рахымына алсын) сахих хадистер жинағында «Сапардан келуші қажыларды күтіп алу» атты арнайы тақырып ашып, оған ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) келген хадисті келтірген: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге келген кезде, оны Әбдімүтәліп тайпасының кішкентай балалары күтіп алады. Артынша бір баланы алдына, екіншісін арқасына мінгізіп алады»[3].

Демек, мұсылмандар ардақты пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін берік ұстанып, Алла деңгейін өсірген нәрселерге құрмет көрсетуі тиіс. Қажылар мен қажылық рәсімдерін ұлықтау – Алла Тағаланың мақұлдаған және сүйікті амалдарының бірі.

Қажылардың аман-есен елге оралуына байланысты оларды қарсы алу не болмаса үйлерді безендіру мәселесіне келсек, бұл ешқандай да шариғатымызға қайшы емес. Бұл әрекеттерді тек сол кісілерге көрсетілген құрмет ретінде қарастырған абзал.

 

Ислам МАРАТҰЛЫ,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы

 

[1] (Нәсаи, ибн Мәжа)

[2] (Хаким, Мустадрак)

[3] (Бұхари)