ҚАЖЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК? 2815

ҚАЖЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

01 шілде 2023 94 Оқу 1 минут

Бұрын ұлы сапарға бару орындалмас арман, алынбас қамал, бағындыра алмайтын белес еді. Аллаға шүкір, қазір қажылық сапарына баруға мүмкіндік көп. Қажыларға көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасы да жыл өткен сайын жақсарып келеді. Ендігі мақсат – қоғамда қажылардың рухани өнегелік тұлғасын қалыптастыру. Өйткені бұл – өте өзекті мәселе. 

Қажы болу – кез келген адамға нәсіп бола бермейтін нығмет. Алланың жер бетіндегі үйі болған қасиетті Қағбаны тауап етіп, Аллаға көркем құлшылық жасап, жалған дүниеде білместікпен жіберіп алған қате-кемшіліктері үшін тәубе етіп, қажылық парыздары мен сүннеттерін, рәсімдері мен рүкіндерін шариғатқа сай орындаған мұсылман ұлы сапардан күнәдан пәк күйінде оралады. Бұл туралы Әбу Һурайрадан (Алла оны рақымына алсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз ешнәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай (күнәсіз) оралады».

Қазақ халқы ұлы сапардан оралған кісіні «қажы» деп құрметтеп, оның батасын алуға асыққан. Өйткені қасиетті жерден келген кісінің дұғасы қабыл болады деп сенген. Өз кезегінде қажылықтан оралған адам «қажы» деген атқа лайықты болып, жақсы істерімен айналасына үлгі-өнеге көрсетуі керек. Біз осы ретте қажыларға қатысты игі амалдардың бірқатарын айрықша атап өткенді жөн санадық.

Тілді сақтау – маңызды амалдың бірі. Өйткені тіл – адам баласын жақсылыққа да, жамандыққа да итермелейтін ағза. Ислам ғалымдары тілді жыртқыш аңға теңеген. Оны бетімен жіберсе, адамның өзін жейді. Мұндағы мағына: адам тіліне ие болмауының себебінен көптеген жамандықтарға жол береді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласының көптеген қателігі – тілінің кесірінен», – деген хадисінен көп нәрсені аңғаруға болады.

Кейбір отандастарымыз қажылықтан келген соң ағайын-туыстарына, тіпті қоғамдық іс-шаралар мен басқосуларда қажылықта болған оқиғаларды, әсіресе өзге ұлттардың біздің таным-түсінігімізге, салт-дәстүрімізге, жалпы менталитетімізге сай келмейтін әдет-ғұрыптары жайлы артық әңгімелер айтады. Мұндай артық әңгіменің соңы сол ұлт жайлы, яғни мұсылман бауырларымыз туралы ғайбат сөздерге жалғасып кетеді. Әрине әр ұлттың өзіне тән дәстүрі, өмір сүру дағдысы болады. Бұл дағды біздің түсінігімізге сәйкес келмесе, олар жайлы жаман сөзге ерік бермеу керек.

Хазіреті Әли (оған Алла разы болсын): «Тіл дұрыс болса, өзге мүшелер де дұрыс болады. Тіл бұзылған кезде өзге мүшелер де бұзылады. Аз сөйлеген адам тыныштық табады, қауіпсіздікте болады», – деген екен. Адамның сыртынан сөз айту ғайбат, яғни балағат болып саналады. Алла Тағала Құранда мұсылмандарға ғайбат айтуды, өзгелерді мазақтамауды бұйырған. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Уа, иман келтірген жандар! Тым күмәншіл болудан сақ болыңдар! Өйткені кейбір күмән күнә болады. Бір-біріңнің сыртынан жасырынып, аңдып, бақыламаңдар, бір-біріңнің сыртынан ғайбат айтып, жамандамаңдар. Өлген бауырларыңның етін жегенді қалайсыңдар ма? Әрине, ол – жиіркенішті нәрсе. Ендеше, Құдайдан қорқыңдар! Тәубеге келіп кешірім сұрағандарды Алла жақсы көреді. Ол – Рахымды» («әл-Хужурат» сүресі, 12-аят).

Біз имам болған соң қоғамдық шаралар мен басқосуларға көп қатысамыз. Өкінішке қарай сол кезде қажылыққа барып келген кейбір үлкен кісілерден «арабтар ондай екен, арабтар мұндай екен» деген сөздерді естіп жатамыз. Мұны естіген айналасындағы адамдар әлгі кісінің сөзіне қосылып, бірге жамандап кетеді. Бұл – өте жағымсыз көрініс. Қажыларымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының:

Біреудің мінін тергенше,

Жамандығын көргенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен күрес өлгенше, – деген өсиетті өлеңін өмірінің қазығы етіп алса екен.

Бір күні Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Сафияның бойында мынадай кемшіліктер бар ғой», – дегенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сондай ауыр сөз айттың. Егер ол теңізге араласса, теңіз суын да ластап жіберетін еді», – дейді. Біз бұл хадистен бір ауыз жаман сөздің қаншалықты ауыр екенін түсінеміз. Ғалымдарымыз ғайбат сөздің тәубесі болмайтынын айтады. Алла сақтасын, тіпті оның зардабы зина жасағаннан да ауыр.

Адам білместікпен Аллаға серік қосып немесе шариғат тыйым салған өзге де жағымсыз іс-әрекеттер жасаса, Аллаға шынайы тәубе ету арқылы күнәсінен тазарады. Бірақ Алла Тағала пенде ақысы мен ғайбатты кешірмейді. Ғайбаттың күнәсі тәубе ету арқылы кешірілмейді екен. Себебі пенде ауыр сөз айту арқылы Алланың емес, адамның ақысына қол сұғады. Сол адамнан кешірім сұрамайынша, тәубесі қабыл болмайды.

Бұған қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайбаттан сақтаныңдар! Өйткені ғайбат – зинадан да ауыр. Зина жасаған адам тәубе етіп, екінші рет ол кісіге бармаса, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Ал ғайбат айтқан адамнан кешірім алмайынша кешірілмейді», – деп қатаң ескерткен. Сондықтан қажыларымыз ұлы сапардан келген соң ғайбатқа, өсекке, мұсылман бауырлары жайлы жаман сөзге әсте жол бермеуі керек.

Алланың қалауымен көптеген қажыларымыз Мекке мен Мәдинада мұсылмандық парызын өтеу кезінде бес уақыт намазға жығылады. Бұл – Алланың пендесіне берген теңдессіз нығметі. Бес уақытқа намазға жығылған қажыларымыз Отанға оралып, бұрынғы тіршілігіне кірісіп, қалыпты өмірге енген кезде де Алланың берген сыйынан, яғни намазынан бас тартпауы ләзім. Алла Тағала Құранда: «Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар, зекетті толық беріңдер және рукуғ етушілермен бірге рукуғ жасаңдар» («Бақара» сүресі, 43-аят) деп бұйырған.

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Біліп алыңдар, сендердің ең қайырлы істерің – намаз», – делінген. Тағы бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаз – менің көз қуанышым», – деген. Намаз – Алланың мұсылман пендесіне бұйырған парызы. Балиғат жасына толған, ақыл есі бүтін әрбір мұсылман күнделікті бес уақыт намазын қаза етпей оқуы тиіс. Намаз оқымауға ешқандай да себеп, шариғат тілімен айтқанда, үзір жоқ. Тек балиғатқа толмаған бала мен ақыл есі кемтар жанға ғана намаз парыз емес.

Намаз оқымау үлкен күнә және ақыретте оның сұрауы болады. Тіпті оқылмай қалған намазды қаза етіп өтеу – міндет. Өйткені қарызды өтеу – парыз. Есеп күнінде біздің ең бірінші сұралатын амалымыз – намаз. Парыз болған амалды орындауда жалқаулық танытпау керек. Қажы деген ардақты атқа лайық болып, бес уақыт намазын қаза етпей оқып жүрсе, айналасына үлгі болатыны сөзсіз.

Қажыларымыз көркем мінезімен, әдебімен өз ортасына сыйлы болуы қажет. Ұстамдылық, әдеп – мұсылманға тән мінез. Әдептілік – туабітті қасиет емес. Әдептілік – өсе келе бойға даритын қасиет. Сыртқы келбет пен ішкі жан-дүниенің сұлулығы ұштасқан кезде адамның бойынан әдебі байқалып тұрады. Мұсылман адам қажылық кезінде және елге оралған соң әдепті болуға аса мән беруі керек. Әдепті болудың белгілерін санамалап шығу қиын. Дегенмен бірқатарын атап өтуге болады. Ең әуелі ашу қысқан сәтте маңайындағыларға дүрсе қоя бермей, сабырлық танытып, ашуды жұту көп нәрсенің алдын алады. Өйткені ашу-ыза адамның есін жоғалтып, түрлі жамандыққа ұрынып, орны толмас өкініште қалуына сеп болуы мүмкін. Ал көпшілік ортада не болса соған ашуланып, елдің берекесін алу әдепке жатпайды.

Қажыларымыз игі істерге үлес қосып, сауапты амалдардың белортасында жүрсе деген тілегіміз бар. Адам баласы осы өмірде кішкентай жақсылық жасаса, міндетті түрде оның сауабын алады. Керісініше кішкентай жамандық жасаса, оның да жазасын алады. Бұл туралы Құранда: «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді» («Зілзәлә» сүресі, 7-8 аят) деп ескертілген. Қажыларымыз сауапты істерге бастамашыл болып, белсенділік танытса нұр үстіне нұр болады.

Игілікті істер дегеніміз – өзгелерге қамқорлық, жақсылық, қайырымдылық, мейірімділік жасау. Қоғамның дамуы үшін әрбір мұсылман қолынан келер игі іске бастамашы болып немесе игі іске қол ұшын беруі ләзім.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Исламда жақсы жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса), ол адамға сол істің сауабы және өзінен кейін сол жолмен Қияметке дейін іске асырған барлық адамның алатын сауабындай сауап жазылады. Ал кімде-кім Исламда жаман жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса), ол адамға да сол жолдың күнәсі және өзінен кейін сол жолмен Қияметке дейін жалғастырған барша адамның күнәсындай күнә жазылады», – деген.

Қажыларға жарасатын жақсы мінездің бірі – кішіпейілдік. Бұл қасиет адамның дүние тіршілігіндегі құрметін арттырып, ақыреттік бақытқа кенелуіне себепші болады. Раббымыз мұсылмандарға тәкәппар болуға тыйым салып, кішіпейіл болуды әмір еткен. Құранда бұл туралы: «Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілдікпен жүреді», – делінген («Фұрқан» сүресі, 63-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында Алла Тағала: «Кішіпейіл болыңдар. Тіпті ешбірің екінші біреуге мақтанбаңдар әрі ешбірің ешкімге жәбір көрсетпеңдер» деп маған уахи етті», – деген. Адам қаншалықты кішіпейіл болса, соншалықты дәрежесі артады. Алла Тағала баршамызға екі дүние абыройын нәсіп етсін. Әмин!

 

Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы

«Мұнара» газеті, №12, 2023 жыл