Жас діни мамандармен кездесу өтті 91

Жас діни мамандармен кездесу өтті

14 қыркүйек 2020 216 Оқу 1 минут

«Нұр Ғасыр» мешітінде биыл діни оқу орындарын сәтті тамамдап, Бас мүфти бұйрығымен Ақтөбе мешіттерінде қызметке кіріскен жас діни мамандармен кездесу өтті. Кездесуге облыстың Бас имамы Төлеби Оспан мен орталық мешіттің найб имамдары қатысты. 

Басқосуда мешіт қызметінің жауапкершілігі, имам этикасы, уағыз-насихат айту кезінде аудиторияға сай сөйлей білу, әлеуметтік желіде белсенді болу сынды мәселелер сөз болды. Діни сұрақтарға жауап беру кезінде ҚМДБ пәтуалары мен мәлімдемелерін басшылыққа алу керектігі айтылды. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мешіттерде санитарлық талаптарды сақтау және діни басқарма бекіткен талаптардың орындалуын қадағалауға шақырды. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл мүфтияттың қолдауымен Нұр-Мүбарак университетінің 9 түлегі және медресе-колледждердің 9 шәкірті Ақтөбе облысындағы мешіттерге жұмысқа орналасқан болатын. Бір қуантарлығы – барлығы да жергілікті Ақтөбенің тумалары. Бұл өз кезегінде діни кадрлардың тұрақты қызмет етуіне мүмкіндік бермек. Ақтөбе облысындағы мешіттерде биыл діни білімі жоғары және орта діни мамандардың көрсеткіші 76 пайызға жетіп отыр.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі