Жаңажол вахталық мешітінің имамына жамағат көлік мінгізді
Қасиетті жұма күні Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жаңажол вахталық кенті мешітінде қуанышты жаңалық орын алды. Күндердің сұлтаны болған қасиетті жұмада мешітке жиналған жамағат құлшылықтарын орындап, уағыз-насихат тыңдағаннан кейін бірнеше жылдан бері осы мешітте имамдық қызмет атқарып келе жатқан Балсеріков Жаңаберген Сәрсенбайұлы ақсақалды 70 жас мерейтойымен құттықтады.
Жамағат имамның ел бірлігі мен діни ағарту саласындағы ұзақ жылғы еңбегіне ризашылықтарын білдіріп, құрметтің белгісі ретінде автокөліктің кілтін табыстады. Бұл игі бастама жамағаттың өз имамына деген сыйластығы мен ықыласының жарқын көрінісі болды.
Шара барысында ақсақалға ақжарма тілектер айтылып, ақ баталар берілді. Жиналған қауым Жаңаберген Сәрсенбайұлының алдағы уақытта да деніне саулық, отбасына амандық, дін жолындағы қызметіне береке тілеп, ел игілігі жолындағы еңбегі жалғаса беруіне ниет білдірді.
Өз кезегінде Жаңаберген Сәрсенбайұлы осындай құрмет көрсеткен жамағатқа шынайы алғысын айтып, бұл сыйлықтың өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Сондай-ақ, мұндай сый-құрметтің мешіт жамағаты арасындағы ауызбіршілік пен бауырмалдықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.









































