Қаланың Бас имамы «Әл-Латиф» мешітінде жұма уағызын айтты
Ақтөбе облысы өкілдігіндегі «Көшпелі уағыз керуені» жобасы аясында Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әли «Әл-Латиф» мешітінде жұма уағызын айтты.
«Пара беру мен жемқорлықтың зардабы» тақырыбында айтылған насихатта Алмат Али «Жемқорлық – тек заң бұзушылық қана емес, бұл әділеттілікті аяққа таптау, қоғамның іргесін шайқау. Арам жолмен алынған дүние ешқашан береке әкелмейді. Ол адамның жүрегін қарайтып, елдің бірлігін ыдыратады» деп одан ада болуға шақырды.
Сонымен қатар ол парақорлықтың жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның болашағына үлкен кесірін тигізетінін ескертті. Адал еңбекпен келген нәпақаның берекелі болатынын, ал арам жолмен табылған дүниенің отбасына да, ұрпаққа да пайдасыз екенін мысалдармен жеткізді. Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с) хадистеріне сүйене отырып, әрбір мұсылманға адалдықты ту етуге, әділетсіздікке қарсы тұруға үндеді.
Жұма уағызы соңында жамағатқа парақорлықтан бойды аулақ салуға, әділет пен адалдыққа берік болуға дұға жасалып, ел амандығы мен қоғамның тыныштығы үшін Алладан медет тіленді.
Жұма намазын жаңадан тағайындаған имам Рүстембек Аманғосов өтті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі













































