Зағип қари қыз 358

Зағип қари қыз

09 қараша 2020 591 Оқу 1 минут

Ол жиырма жеті жасар қыз еді. Менің көршім. Тума зағип. Анасының жалғыз перзенті. Ол бала күнінен Құран жаттады. Құранның қай аятын оқысаң ары қарай мүдірмей жалғастырып кете беретін дәрежеде жетік білетін-ді. Мұндайды әдетті «Құранды фатиха сүресіндей жақсы біледі» деп айтады. Көп уақытын Құран оқуға арнайтын. Осылайша анасы мен қызының өмірі өтіп жатты.

Бір күні әлгі қызды айттыруға кісілер келмекші болады. Жасыратыны жоқ көрші-қолаңның барлығы аң-таң. Кейбіреулер менсінбей: Ондай қызды қалай әйелдікке алмақ? Ертеңгі күні қалай өмір сүрмек? Ол тамақ пісіре алмаса, кір жуа алмаса, - деп жатты. Тіпті, қыздың анасы да абдырап қалды. Анасы маған келіп: Айналайын, құдалар келейін деп жатыр. Үйде еркек кіндікті ешкім жоқ. Құдалар келгенді біздің жанымызда болсаңшы, - деп өтінді. Әрине, көрші ақысы – Құдай ақысы. Қызметтеріңізге жарасам мен қуанамын, - деп келістім.

Жігіт отыз екіде екен. Қарапайым, сөзі түзу азамат екен. Жігіт қонақ үй желісінде Бас аспазшы екен. Дастарқан басында ұзақ отырып әңгімелестік. Көрші қыз зағип демесең, ай десе аузы, күн десе көзі бар ажарлы. Көркем мінезді, ойы мен парасаты озық. Жігітті шығарып салған соң қыздың шешесі маған: Құдай-ау, не дейді! Бір ауыз бірдеме айтшы!, - деп жігіттің ойын білгісі келіп. Мен ананың көңіліне қарап: Шешей! Күтейік, Құдай қаласа жақсы жаңалық боп қалар!, - дедім.

Екі жұма өтті. Бір күні телефоныма білгісіз номер қоңырау шалды. Өткендегі күйеу бала екен. Ағатай! Мен үйленемін деп шештім, - деді. Құдалар келіп, неке қиылды. Шағын той жасалды. Осылайша, Құранды өміріне серік еткен қызға Алла Тағала өмірлік жарын жолықтырды.

Бұл оқиға тоғыз жыл алдын болған еді. Бүгінде, олардың үш перзенті бар. Барлығы Құран жаттаумен айналысады. Бұл хикая ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан сөзінің қаншалықты шындық екенін көрсетті. Муслим хадис жинағында: «Ақиқатында, Алла Тағала бұл кітаппен (Құранмен) бір адамдардың мәртебесін көтереді, ал біреулердің дәрежесін түсіреді», - делінген.

Бұл хадисті хазрет Омар (р.а.) риуаят еткен. Оның мынадай бір хикаясы бар. Халифа Омар (р.а.) заманы екен. Мекке әкімі Нафиғ бин Харис Халифамен Ғұсфан деген жерде кездеседі.

- Меккені кімге тапсырып кеттің?, - деп сұрайды Халифа.

- Абдурахман бин Абзаның құлы болған Ибн Абзаны тағайындап кеттім, - дейді.

- Мекке қаласына кешегі құлды әкім етіп қалдырып кеттің бе?, - деді Омар.

- Ол Құранды толық жаттаған. Мұра мәселесін жетік білетін адам, - дейді Нафиғ. Мұны естіген Халифа, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ақиқатында, Алла Тағала бұл кітаппен (Құранмен) бір адамдардың мәртебесін көтереді, ал біреулердің дәрежесін түсіреді», - деген деп шешімін құптаған екен.

«Нұр Ғасыр» мешіті