Тұңғыш рет Батыс өңірлік семинар ұйымдастырылды 1357

Тұңғыш рет Батыс өңірлік семинар ұйымдастырылды

27 ақпан 2022 434 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен 26-27 ақпан күндері облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Бала тәрбиесіне әсер ететін факторлар» атты әйел ұстаздарға арналған Батыс өңірлік семинар өтіп, оған 120-дан аса қыз-келіншектер қатысты.

Шараға Батыс Қазақстан облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Анаргүл Демеутова, Орал қаласындағы орталық Ақмешіттің ұстазы және РАТТ мүшесі Назгүл Данаева, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің ұстазы Нұргүл Жолдаспаева, облыстық орталық мешіттің ұстаздары Айнұр Мырзабаева, Гүлмайра Тұрлыбекова, Ардақ Бағдалқызы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы, журналист Ақтолқын Тажикова, Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова, Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұстазы Жұлдыз Тілеубай, Ақтөбе әйелдер орталығының ұстазы Айдана Разақ, «Досжан Хазрет» мешітінің ұстазы Ақжарқын Жилисбаева, Мәртөк аудандық мешітінің ұстазы Радина Бимолдина қатысты.

Шараның шымылдығын облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли ашты.

Семинардың бірінші күнінде «Мұсылман жанұясындағы бала тәрбиесі», «Сәбилік кезең мен тәмиз жасына дейінгі бала тәрбиесі», «Балаңызды кім тәрбиелеуде? (Ғаламтор және бала)», «Бала тәрбиесіндегі ата-әженің рөлі», «Баланың тұлға болып қалыптасуындағы туыстық қарым-қатынастың қосар үлесі», «Отбасылық қарым-қатынастың бала өміріне әсері» тақырыбында баяндама жасалды.

Аталған баяндаманы әйел-жамағаты ерекше ықыласпен тыңдап, шара соңында спикерлер мен ұйымдастырушыларға ізгі тілектерін білдірді.

Сонымен қатар БАҚ өкілдері келіп, баяндама жасаған спикерлерден сұхбат алды.

Ал шараның екінші күні ұстаздардың тәжірибе алмасу негізінде дөңгелек үстелмен жалғасып, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер қызу талқыланды. Оның ішінде оңалту жұмыстары, онлайн және офлайн дәріс өткізудің қыр-сыры мен дін мен дәстүр сабақтастығы т.б қамтылды.

Семинардың қортындысында Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы игі шараның маңыздылығына тоқталып, алыстан ат артып келген ұстаздарға алғысын білдірді. Одан өзге Бас имам семинар қонақтары мен баяндама жасаған спикерлерге алғыс хат табыстап, сыйлақтар тарту етті.

Орал мен Атыраудан келген ұстаздар ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі