ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО) 459

ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

14 қаңтар 2021 136 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғимаратындағы «әл-Фараби» залында өткен 2021 жылдың кеңейтілген Төралқа мәжілісінде ҚМДБ-ның бөлім басшылары баяндама жасады.

Сондай-ақ бөлім басшылары облыс имамдарына өңірдегі дін насихатын жандандыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбеков өңірлерде діни кадр тапшылығын шешу мәселесіне назар аударды.

Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов ел ішінен жолданған сұрақтарға әдеппен, ыждағаттылықпен жауап беру қажеттігіне тоқталса, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров уағыз айту кезіндегі бірқатар маңызды талаптарды сақтау керектігін алға тартты.

Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов «Халық арна» телеарнасының аймақтардағы өкілдіктерін ашу уақыт талабы екенін жеткізсе, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев жат ағымдар жетегінде кеткен жандарды дәстүрлі жолға түсірудің жаңа тәсілдерімен бөлісті.

Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалықов «Муфтият» баспасының биыл жарыққа шығаратын кітаптарын таныстырса, Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев өңірлердегі бірқатар мешіттердің атын ауыстырып, оларға ел тарихында ізі қалған тұлғалардың есімін беруді ұсынды.

Сондай-ақ Төралқа мәжілісінде Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділлә Бекжігітов, Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, Баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы, «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров, «Халал Даму» ЖШС директоры Айбек Аташев, Іс басқарушы Ербосын Орын, Бас есепші Лаура Байжарасова, заңгер Зейнеш Сағындықова баяндама жасады. Төралқа мәжілісін ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров жүргізді.