Ақтөбеде жаңа кітаптың танытымы өтті 3403

Ақтөбеде жаңа кітаптың танытымы өтті

10 маусым 2024 221 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында өткен имамдардың білімін жетілдіру семинарында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабының танытымы өтті.


Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы имамдарға жаңа еңбекті таныстырып, жамағатқа насихатталуын тапсырды.



ҚМДБ Төрағасы бұл кітап туралы: «Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыраны «харам» деп жүрген жастарды осы кітапты оқуға шақырамын. Сәлем салуды Аллаға серік қосу деп санайтындарға да осы кітапта жауап жазылған. Сәлем салу – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару үлкен қателік деп атар едім. Міне, осындай жаңсақ пікірлерге «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы толыққанды жауап береді деген ойдамыз» деген болатын.


Танытым рәсіміне алаштанушы, философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі Үмбетхан Сәрсенбин, жергілікті қала, аудан, ауыл имамдары қатысып, жаңа кітап сыйға тарту етілді.