БАБАЛАР ДІНІ – ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ ӨЗЕГІ 6127

БАБАЛАР ДІНІ – ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ ӨЗЕГІ

20 наурыз 2026 7 Оқу 1 минут

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып, оны тек құлшылық ретінде қарамай, өмір салты ретінде қабылдады. Өйткені дін бабалар жүрегіне иман ұялатты, мінез-құлқын көркейтті, қоғамда әділдік пен мейірімділікті орнықтыратын рухани негіз болды. Сондықтан халқымыз: «Дін – тірегім, иман – жүрегім», – деп, дінді ұлттың рухани тірегі санаған.

Ислам діні қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұраға айналды. Ата-бабаларымыз дінді ұстану арқылы ұрпағына адалдықты, ізеттілікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретті. Осылайша дін халық тәрбиесінің өзегіне айналды. Себебі ислам діні – адамзатты әділдікке, жақсылыққа, мейірімділікке және аманатқа адал болуға үндейтін ұлы тәрбие жолы. Бұл жөнінде қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ.  وَأَوْفُوا بِعَهْدِ اللَّهِ إِذَا عَاهَدْتُمْ وَلَا تَنْقُضُوا الْأَيْمَانَ بَعْدَ تَوْكِيدِهَا وَقَدْ جَعَلْتُمُ اللَّهَ عَلَيْكُمْ كَفِيلًا إِنَّ اللَّهَ يَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ

«Расында, Алла әділдікті, игі істер істеуді (ихсанды) және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан (яғни, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, кісі ақысын жеуден) мүлдем тыяды. Ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп, сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді. Сондай-ақ серт байласқандарыңда Алланың сертінде (яғни Алланың атымен және Оның құзырында берген серттеріңде) тұрыңдар. Алланы кепіл ете отырып байлаған әрі мықтап бекіткен анттарыңды бұзбаңдар. Шүбәсіз, Алла не істеп, не қойып жүргендеріңді толық біледі», – деген (Нахыл» сүресі, 90-91-аяттар).

Міне, осы аятта айтылған әділдік, ізгілік, аманатқа адалдық секілді қасиеттер – ата-бабаларымыздың өмір салтына айналған асыл құндылықтар болды. Олар дінді ұстану арқылы қоғамда бірлік пен татулықты сақтап, ұрпағына өнегелі тәрбие қалдырды. Демек, ата-бабаларымыздың ұстанған жолы Құран мен сүннетке негізделген хақ жол. Бұл жол ұрпаққа дұрыс бағыт көрсететін, рухани құндылықтарды сақтайтын берік негіз болып табылады. Сондықтан бабаларымыздан аманат болып қалған асыл дінді құрметтеу, оны дұрыс түсініп, келер ұрпаққа жеткізу – әрбір мұсылманның міндеті. Өйткені бабалар діні ұрпақтың рухани өзегі, ал рухани өзегі мықты елдің болашағы да нұрлы болмақ. Осы орайда ата-бабаларымыз ұстанған асыл діннің тағылымдары мен халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ізгі дәстүрлерін негізге ала отырып, тақырыбымызды бірнеше бөлімге бөліп қарастырамыз.

Бірінші: әділдік – бабалар аманаты

Әділдік – ислам дінінің ең асыл құндылықтарының бірі. Ата-бабаларымыз да әділдікті өмірлік ұстаным етіп, ел ішінде татулық пен бірлікті сақтауға ерекше мән берген. Қазақ халқы қай заманда да әділдікті жоғары бағалап, дау-дамай туындағанда тура төрелік айтқан билердің сөзіне жүгінген. Сондықтан халқымыз: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деп, әділдікті адамдықтың биік өлшемі ретінде қарастырған. Шын мәнінде, әділдік – қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығының негізі. Әділдік бар жерде сенім қалыптасады, ал сенім орнаған қоғамда бірлік пен береке нығаяды. Сол үшін ата-бабаларымыз ұрпағын адалдыққа, шыншылдыққа және әділдікке баулып, әділ болуды кісіліктің басты өлшемі ретінде дәріптеген. Өйткені әділдік – қоғамдағы татулықтың тірегі, адамдар арасындағы сенімнің негізі. Бұл ұлы қағида қасиетті Құранда да айқын баяндалған. Алла Тағала әділдікті ұстануды әрбір мұсылманға міндет етіп, былай деп бұйырады:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُونُوا قَوَّامِينَ بِالْقِسْطِ شُهَدَاءَ لِلَّهِ وَلَوْ عَلَى أَنْفُسِكُمْ أَوِ الْوَالِدَيْنِ وَالْأَقْرَبِينَ 

«Уа, иман келтіргендер! Алла разылығы үшін куәлікке жүргенде, тіпті өздеріңнің, ата-аналарыңның және туған-туыстарыңның зиянына болса да, қара қылды қақ жарған әділ болыңдар», – деген («Ниса» сүресі, 135-аят).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

إِنَّ الْمُقْسِطِينَ فِي الدُّنْيَا عَلَى مَنَابِرَ مِنْ لُؤْلُؤٍ بَيْنَ يَدَيْ الرَّحْمَنِ

«Расында, бұл дүниеде әділдік танытқандар, Рахманның құзырында маржаннан жасалған мінберлерде болады», – деген (имам Мүслим).

 

Қисса

Халифа Омар ибн әл-Хаттабтың (Алла оған разы болсын) кезінде Мысырды Амр ибн Ас (Алла оған разы болсын) басқарған еді. Бір күні Амр ибн Астың ұлы бір мысырлық жігітпен ат жарысына түседі. Жарыста әлгі мысырлық жігіті озып кетеді. Бұған намыстанған әміршінің ұлы:

  • Мен әміршінің ұлымын! – деп, оны қамшымен ұрып жібереді. Ол мұны әкесінің билігіне сеніп істеген болатын.

Жәбір көрген жігіттің әкесі баласын ертіп, Мәдина қаласына барып, болған жағдайды мүміндердің әміршісі Омар ибн Хаттабқа (Алла оған разы болсын) жеткізеді. Омар (Алла оған разы болсын) істің мән-жайын тыңдап болған соң, Амр ибн Асқа (Алла оған разы болсын) хат жазып, оны ұлымен бірге Мәдинаға шақыртады. Олар келген соң, Омар (Алла оған разы болсын) әлгі мысырлық жігіттің қолына қамшы беріп:

  • Өзіңді ұрған адамнан кегіңді ал, – дейді. Жігіт әміршінің ұлын дәл өзі ұрғандай етіп қамшымен ұрады. Өзіне жасалған әділетсіздіктің кегін алады.

Сонда Омар (Алла оған разы болсын):

  • Егер сен (әкесі) Амр ибн Асты (Алла оған разы болсын) ұрсаң да, мен саған кедергі жасамас едім. Өйткені ол сені әкесінің билігіне сүйеніп, сол себепті ұрды, – дейді.

Содан кейін Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Амр ибн Асқа қарап: «Адамдарды қашаннан бері құл еттіңдер? Оларды аналары азат етіп туған еді ғой!» – деген сөзін айтады.

Бұл оқиға исламдағы әділдіктің қандай биік деңгейде болғанын айқын көрсетеді. Өйткені исламда адамның дәрежесіне, байлығына немесе билігіне қарамайды, бәрі заң алдында – тең. Зұлымдық жасаған адам кім болса да жауап береді. Халифа Омар ибн Хаттабтың (Алла оған разы болсын) бұл ісі – әділдіктің нағыз үлгісі.

Қазақ халқы да әділдікті ең жоғары құндылықтардың бірі деп білген. Демек, әділдік – тек заңның талабы ғана емес, ол – дініміздің де, дәстүріміздің де өзегі. Сондықтан ата-бабаларымыз аманат еткен осы қасиетті қағиданы әрбіріміз өмірімізде берік ұстануымыз керек. Әділдік бар жерде – береке бар, әділдік орнаған қоғамда тыныштық пен бірлік болады.

Екінші: ізгілік – ата-баба мұрасы

Қазақ халқы ежелден ізгілікті, мейірімділік пен жақсылықты өмірдің басты құндылығы деп білген. Ата-бабаларымыз ұрпағына тек байлық пен жер қалдырған жоқ, ең алдымен адамдық пен ізгіліктің жолын аманат етіп қалдырды. Өйткені ізгілік бар жерде береке, бірлік және татулық орнайды. Дана халқымыз жақсылықтың қадірін терең түсінген. Сондықтан: «Жақсылық қылсаң – қайырымын өзің көресің», – деп, адам баласын игі іс жасауға үндеген. Тағы бір нақылда: «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» – делінеді. Бұл сөз жақсылық жасаған адамды құрметтеудің үлкен ізгілік екенін білдіреді. Сондықтан ізгілік – халқымыздың санасына сіңген асыл қасиет, ата-бабадан қалған рухани мұра. Осы мұраны сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның қасиетті міндеті. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَأَحْسِنُوا ۛ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Әрдайым жақсылық жасаңдар, шүбәсіз, Алла ізгі іс істегендерді  жақсы көреді», – деген («Бақара» сүресі, 195-аят).

Алла Тағала бұл аятта адамдарды тек жақсылық жасауға ғана емес, әрбір жақсылықты шынайы ықыласпен (ихсан жолымен) істеуге шақырады. Өйткені ихсан – құлшылықтың ең жоғары дәрежесі.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أَحَبُّ النَّاسِ إِلَى اللَّهِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ

«Аллаға адамдардың ең сүйіктісі – адамдарға ең пайдалысы», – деген (имам Табари). Яғни адамдарға көбірек пайдасы тиген жан – Аллаға ең сүйікті адам. Бұл пайда тек материалдық көмекпен ғана шектелмейді. Оған білім үйрету, ақыл-кеңес беру, насихат айту, дұрыс жол көрсету, қолынан келгенше өзгеге жәрдемдесу секілді игі істердің бәрі жатады. Қазақ халқы да мұндай ізгілікті жоғары бағалап;

Бай болсаң – халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін, – деп бекер айтпаған. Яғни халқымыз ежелден бір-біріне сүйеу болып, қиындықта қол ұшын созуды азаматтықтың белгісі деп білген. Осындай игі істер арқылы адам тек елдің алғысына ғана емес, Алла Тағаланың да сүйіспеншілігіне бөленеді.

Үшінші: туыстық қарым-қатынасты сақтау – бабалар мұрасы

Халқымыз туыстық қарым-қатынасты ерекше қадірлеген, оны қоғамның бірлігі мен берекесінің негізі деп таныған. Далалық өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз үшін ағайынның бірлігі – тіршіліктің тірегі, елдіктің белгісі болған. Сол себепті халқымыз: «Ағайын тату болса – ат көп», – деп, туыстар арасындағы татулықтың маңызын өзінен кейінгі ұрпақтарының санасына сіңіріп отырған. Бұл – жай ғана сөз емес, ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибе мен ұлттық дүниетанымның жемісі. Хакім Абай Құнанбайұлы адам баласын бірлікке, бауырмалдыққа шақырып: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – деп, адам мен адам арасындағы мейірімнің қадірін айрықша атап өткен. Сондықтан туыстықты қарым-қатынасты сақтау – халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрімен бірге қалыптасқан асыл құндылығы. Ағайынға қамқор болу, қиындықта қол ұшын беру, қуанышта бірге болу қазақ қоғамында адамгершіліктің өлшемі саналған. Осындай ізгі қасиеттер арқылы халқымыз берекелі қоғам құрып, ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән берген. Демек, туыстықты жалғау – жай ғана әлеуметтік қатынас емес, ол – ата-бабаларымыздан қалған қасиетті мұра, ұлттың бірлігін сақтайтын рухани құндылық. Бұл ұстаным дініміздің де негізгі қағидаларының бірі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

إنَّ اللَّهَ خَلَقَ الخَلْقَ حتَّى إذا فَرَغَ منهمْ قامَتِ الرَّحِمُ، فقالَتْ: هذا مَقامُ العائِذِ مِنَ القَطِيعَةِ، قالَ: نَعَمْ، أما تَرْضَيْنَ أنْ أصِلَ مَن وصَلَكِ، وأَقْطَعَ مَن قَطَعَكِ؟ قالَتْ: بَلَى، قالَ: فَذاكِ لَكِ. ثُمَّ قالَ رَسولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وسلَّمَ: اقْرَؤُوا إنْ شِئْتُمْ: فَهَلْ عَسَيْتُمْ إِن تَوَلَّيْتُمْ أَن تُفْسِدُوا فِي الْأَرْضِ وَتُقَطِّعُوا أَرْحَامَكُمْ .أُولَٰئِكَ الَّذِينَ لَعَنَهُمُ اللَّهُ فَأَصَمَّهُمْ وَأَعْمَىٰ أَبْصَارَهُمْ .أَفَلَا يَتَدَبَّرُونَ الْقُرْآنَ أَمْ عَلَىٰ قُلُوبٍ أَقْفَالُهَا 

«Алла Тағала жаратылысты жаратып тәмамдаған кезде, туыстық байланыс (рахим) Алланың құзырына келіп, былай деп жалбарынды:

Уа, Раббым! Бұл туыстық байланысты үзушіден сақтанып, Сенен пана тілеушінің халі», – деді.

Алла Тағала:

Иә. Сені жалғағанды, Мен де жалғайын, ал сені үзгенді, Мен де үзейін. Бұған разысың ба? – деді.

Сонда туыстық байланыс:

Әрине, разымын, – деді.

Алла Тағала:

Ендеше, бұл сен үшін, – деді.

Содан кейін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Қаласаңдар мына аятты оқыңдар», – деп былай деді: «Демек, (қолдарыңа билік тізгіні тие қалса), сөздеріңнен тайқып, Алладан сырт айналмақ һәм жер бетінде бұзақылық жасап, араларыңдағы туыстық қатынасты үзбек екенсіңдер ғой?! Алла ондайларды рақымынан аластап, құлақтарын (хақ сөзді) естімейтін тас керең, көздерін (ақиқатты) көрмейтін көрсоқыр етіп қойды. Әйтпесе, олар осынау Құранға ой жүгіртпей ме?! Жоқ, әлде жүректерінде бірінің үстіне бірі салынған қат-қабат құлыптар бар ма?!» («Мұхаммед» сүресі, 22-24-аяттар).

Ата-бабаларымыз осы асыл қағиданы өмір салтына айналдырып, кеңдікке, кешірімге және бауырмалдыққа үндеген. Өйткені туыстықты сақтау тек жақсылыққа жауап қайтару ғана емес, кейде ренжігенді жарастыру, алыстағанды жақындату, үзілген байланысты қайта жалғау.

Ыбырай Алтынсарин бабамыз: «Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – деген.

Төртінші: антқа адал болу – бабалардан жеткен қасиет

Халқымыз ежелден сөздің қадірін біліп, уәдеге беріктікті адамдықтың өлшемі санаған. Ел ішінде «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынғаны» деген нақыл бекер айтылмаған. Өйткені ата-бабаларымыз үшін ант пен уәде – жай ғана сөз емес, ар-ождан мен намыстың, иман мен адамгершіліктің айғағы болған. Сертке берік болу ел алдында абыройды сақтап, қоғамдағы сенім мен бірлікті нығайтатын асыл қасиет ретінде бағаланған. Мұндай ұстаным ұрпақ тәрбиесінде ерекше мәнге ие болып, кейінгі буынға үлгі ретінде жетіп отыр. Сондықтан антқа адал болу – халқымыздың рухани болмысымен сабақтасқан, бабалардан мирас болып қалған қастерлі қасиет. Осындай ұлағатты қағида әрбір адамның мінез-құлқынан көрініс тауып, қоғамда сенім мен әділдіктің орнығуына негіз болады. Бұл құндылық тек ұлттық дәстүрде ғана емес, ислам дінінің де негізгі қағидаларының бірі. Алла Тағала қасиетті Құранда Рағыд сүресінің 20-шы аятында:

الَّذِينَ يُوفُونَ بِعَهْدِ اللَّهِ وَلَا يَنْقُضُونَ الْمِيثَاقَ

«Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар» деп, уәде беріп, сөздерінде тұрғандарды мадақтайды», – деген.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

اِضْمِنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ ، أَضْمَنُ لَكُمْ الْجَنَّةَ : اُصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ، وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ، وَأَدُّوا إِذَا اُؤْتُمِنْتُمْ، وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ، وَغَضُّوا أَبْصَارَكُمْ، وَكَفُّوا أَيْدِيَكُمْ.

«Маған алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: Сөйлеген кезде шындықты айтыңдар, уәде берсеңдер, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар», – деді (имам Ахмад).

Антқа адалдық – ата-бабаларымыз қастерлеген ар тазалығы мен кісілік ұстанымының көрінісі. Сертке беріктік – адамның абыройын асқақтатып, қоғамдағы сенім мен татулықты нығайтатын асыл қасиет. Сондықтан берілген сөзді қадірлеп, уәдеге берік болу – бабалардан қалған өнегелі жолды жалғап, ұрпақтың рухани биігін айқындайтын игі дәстүр.

Құрметті жамағат!

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып, оны ұрпағына аманат етіп қалдырды. Сондықтан ата-бабаларымызды құрметтеу, олардың салған ізгі жолын қадірлеу – әрбір ұрпақтың қастерлі борышы. Өйткені ата-бабалардың жүріп өткен жолы – бүгінгі ұрпақтың рухани тұғыры. Ислам діні  бұрын өткен игі буынды құрметтеп, оларды жақсы сөзбен еске алуға үндейді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَالَّذِينَ جَاءُوا مِن بَعْدِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلِإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالْإِيمَانِ وَلَا تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلًّا لِّلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا إِنَّكَ رَءُوفٌ رَّحِيمٌ

«Өздерінен кейін келгендер Аллаға: «Уа, Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре көр! Жүрегімізде иман келтірген жандарға деген жек көрушілік, өшпенділік сынды жаман сезімнің оянуына жол бере көрме! Уа, Раббымыз! Шүбәсіз, Сен өте мейірбансың, сондай жанашыр һәм ерекше мейірімдісің», – деп дұға етеді», – деген («Хашыр» сүресі, 10-аят).

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:

أُمِرتُم بِالاِستِغفَارِ لِسَلَفِكُم فَشَتَمْتُموهُمْ أَمَا إنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ عليهِ وسلَّمَ يقولُ: لا تَفْنَى هذهِ الأُمَّةُ حَتَّى يَلْعَنَ آخِرُها أوَّلَها

«Сендер өздеріңнен бұрын өткен ата-бабаларың үшін кешірім тілеп, дұға етуге бұйырылғансыңдар. Алайда сендер оларды құрметтеудің орнына жамандап, тіл тигізіп жүрсіңдер. Біліп қойыңдар! Мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл үмметтің соңғы буыны алғашқы буынына лағынет айтпайынша құрып кетпейді», – дегенін естідім», – деген (имам Табари).

Ата-бабаларымыз ұстанған ислам діні – бүгінгі ұрпақтың рухани өзегі. Өткенді құрметтеп, бабалар аманатына адал болу – ұрпақтың иманын нығайтып, қоғамның рухани тұтастығын сақтайтын асыл құндылық.

Алла Тағала бізді ата-бабаларымыз ұстанған хақ діннен айырмасын. Жүрегімізді иманмен нұрландырып, бабаларымыздың ізгі жолын жалғайтын саналы әрі салиқалы ұрпақтан болуды нәсіп етсін! Қасиетті жұма күнгі жасаған дұға-тілектерімізді қабыл етсін!