Ақтөбеде «Пайғамбарым құрметтім, бір өзіңді үлгі еттім» атты рухани кеш өтті 4869

Ақтөбеде «Пайғамбарым құрметтім, бір өзіңді үлгі еттім» атты рухани кеш өтті

25 қыркүйек 2025 81 Оқу 1 минут

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде әйел жамағатына арналған Мәуліт мерекесі өтті.

«Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен адамзаттың ардақтысы, Мұхаммед пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айының құрметіне атқарылған іс шаралар қортындыланып, «Пайғамбарым құрметтім, бір өзіңді үлгі еттім» атты рухани кеш болды.

Шара Алланың кәләмы мен Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат жолдаумен ашылды.

Рухани кеште құттықтау сөз сөйлеген облыстың бас имамы Амантай Садиев, мұсылмандардың асыға күтіп, бір ай бойы тойлайтын мерекенің маңыздылығын түсіндіре келе, қазіргі таңда мұсылмандарға Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін естеріне алып, жадында ол жайлы мәліметтері мен білімдерін жаңғыртып, Мәулітті атап өту үлкен қажеттілік деп атап өтті.

Ал «Нұр Ғасыр» мешітінің шәкірттері жүрекжарды жырлары мен арнауларын арнады.

«Бақытжан» мешітінің ұстаздары: Анар Қойшығұлова мен Ақтолқын Тажикова, Қобда аудандық « Молда Шәріп» мешітінің ұстазы Баян Мұстахап және Хромтау қаласынан жамағатымен арнайы ат арытып келген «Нұр» мешітінің ұстазы Гүлсара Әлібекқызы Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан сыр шертіп, әсерлі уағыздар айтты.

Сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Мәуліт айында өткізген сайыстардың қортындысын жариялады

«Амалыңда тұрақты бол!» атты 21 күндік рухани марафон қорытындысы бойынша Айымбетова Жұбазат, Кишкентекова Айнагүл, Жұбанғалиева Зада;

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянынан сайыста жеңімпаз атанған Айжан Тастанбекова, Айгерім Қаленқызы, Сауле Қожина және әр таңда оқылған Құран хатымға қатысып, сұрақ жауапқа белсенді жауап берген шәкірттер де бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Шараның екінші бөлімінде сүннетке амал еткен (дүйсенбі күнгі ораза ұстаған) жамағатқа ауызашар дастарханы жайылып, Пайғамбарымыз(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіп жеген тағамдар ұсынылды.

Шара барысында викториналық сұрақтар мен бейнетаспадағы жұмбақтар және топтық ойындардың жеңімпаздарына сыйлықтар таратылды.

Рухани кеш қорытындысында ақ жаулықты әжелер батасын беріп, қатысушылар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі