Ақтөбеде 4 отбасыға баспаналар кілті табысталды 3325

Ақтөбеде 4 отбасыға баспаналар кілті табысталды

07 сәуір 2024 421 Оқу 1 минут

Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Қадір түні қарсаңында мешітке келген жамағат алдында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» атты қайырымдылық акциясы аясында 4 баспана табысталды. Бұл баспаналар Республика бойынша 746-шы, 747-ші, 748-ші және 749-шы, ал Рамазан ішінде табысталған ҚМДБ атынан 26, 27, 28, 29-ші баспана болып отыр. Баспаналар кілті мен сертификаттарын ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев пен облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы табыстады.

4 баспананың сертификаттары 3 баланың анасы, 1 баласының мүгедектігі бар, жалғызбасты ана Ізбасарова Салтанатқа, жақында үйі су тасқынына кеткен 2 бірдей мүгедек баласы бар жалғысбасты ана Султанова Зинаға, 5 баланың анасы, 2 баласы мен күйеуінің мүгедектігі бар ана Маратқызы Данияға және Шалқар ауданы, Айшуақ ауылдық мешітінің имамы Әуезов Нұрдәулетке табысталды. 

Шара барысында имамдар пәтер иелеріне құтты болсын айтты. Сондай-ақ мұқтаждың мұңын мұңдап, мейірімділікке үндейтін берекелі жобаның жүзеге асырылуына атсалысқан жомарт жандар мен кәсіпкер азаматтарға, мешіт имамдарына алғыстар білдірілді. Бүгінгі қуаныш иелерін жаңа баспанасымен шын жүректен құттықтаймыз!


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі