Ақтөбе: Құрбан айтқа байланысты баспасөз мәслихаты өтті 687

Ақтөбе: Құрбан айтқа байланысты баспасөз мәслихаты өтті

16 шілде 2021 279 Оқу 1 минут

Бүгін «Ақтөбе ақпарат» орталығында Құрбан айт мерекесіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы,  «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында құрбан айтқа дайындық жұмыстары турасында баяндаған Бас имам Серікжан Еншібайұлы діни мерекенің 20-22 шілде аралығында атап өтілетіндігін айтты. Құрбан айт намазының уақыты таңертеңгі сағат 07.00-ға белгіленгендігін хабарлап, мереке күндері өтетен діни рәсімдердің жоспарымен таныстырды. Сондай-ақ, бұл күнгі ерекше құлшылық – құрбан шалу рәсімінің арнайы белгіленген орындарда өткізілетіндігін ескерте отырып, мерекелік намазға дейінгі шалынған мал еті құрбандық болып саналмайтындығын еске салды.

Баспасөз жиынында Құрбан айтқа қатысты осы және өзге де мәліметтер қамтылып, «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Махамбет Бисенов орыс тілінде жауап берді.

Сонымен қатар, қасиетті күндері Ақтөбе облысы және қала әкімдігінің қолдауымен ұлық мейрамды жоғары деңгейде өткізу үшін Құрбандық шалу рәсімі бекітілген бір орында ұйымдастырылады.

ҚМДБ бастамасымен еліміз бойынша іске қосылған «Qurban2021.kz» сайты арқылы қабылданған құрбандық тапсырысы осы мекен-жайда сойылып, бөлшектеліп әрі пакетттелген соң, әкімшілік бөлген «Рефрижератор» көліктері арқылы сайтқа өтініш білдірген және оффлайн қабылданған тізімдер бойынша еріктілердің көмегімен мұқтаждардың үйіне тегін жеткізіледі. Мал соятын орында тәртіп сақшылары, жедел жәрдем қызметі және басқа да қызметкерлер болады. Барлық қызмет санитарлық талаптарға сай орындалады.

Құрбандыққа өтініш тек сайт арқылы жүзеге асады. 15 шілдеден бастап сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс беру басталды. 17 шілдеден бастап сайт арқылы мұқтаждар ет алуға өтініш білдіре алады. Толық шарттары сайтта көрсетілген.

Ескертетін жағдай, сайтта көрсетілген бағаға қасапшының ақысы да кіреді.

Онлайн тапсырыс бере алмаған кісілер өз үйлеріне қасапшы жалдап құрбандықтарын шалуға шақырамыз.

Бұл мереке күндері әрбір шамасы жеткен мұсылман баласы құрбан малын шалып, Алла алдындағы міндеттерін өтейтін болады. Биылғы жылы 20-22 шілде Құрбан айт күндері Ақтөбе қаласының әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында, құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекітті. Аталмыш орындарда мешіт қызметкерлері діни рәсімнің шариғат талаптарына сай өтуіне қатысты нұсқаулықтар айтып, діни рәсімдерді атқарады. Ақтөбе қаласы әкімдігі әзірлеген 1 құрбандық шалу орны мынау:

Ақтөбе қаласында құрбандық шалынатын орын: 

  • «Айбек» СТК мал сою пункті – 41 разьезд, 06-А. Басшысы: Калдыгулов Самат Рейович. Тел.: 8-701-459-31-62, 40-27-68.
  • Осы орында қызмет жасайтын қасапшылардың басын қосып, оларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Семинар барысында малды шариғат талаптарына сай сою және санитарлық талаптарды сақтау және т.б. түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолдарына рұқсатқағаз берілді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі