Ақтөбе: «Рамазан – рухани тәрбие айы» атты брифинг өтті 2564

Ақтөбе: «Рамазан – рухани тәрбие айы» атты брифинг өтті

20 наурыз 2023 126 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Азат Ерланұлы облыстағы өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен «Рамазан – рухани тәрбие айы» тақырыбындағы брифингке қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Облыстың Бас имамы ақтөбеліктер мен отандастарды берекелі де кешірімі мол тәрбие айы, он екі айдың сұлтаны мүбәрак Рамазан айының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар ұлық айда мешіттерде атқарылатын іс-шаралар жайлы атап өтті.

«Рамазан – бүкіл әлемдегі мұсылман қауымы үшін рухани жаңару мен жаңғыру кезеңі. Қасиетті айда ырыс пен ынтымақ, ізгілік пен мейірім салтанат құрады. Отыз күн оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылық көрсету игі дәстүрге айналады. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

ҚМДБ 2023 жылды – «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп бекітті. Құран Кәрімде жүз алпысқа жуық аятта ізгілік туралы айтылған. Ал осы ізгілікке бастайтын теңдесіз ай – Рамазан айы. 30 күн оразамызды ұстау арқылы өзімізді күндіз тек ішіп-жеуден шектеп ғана қоймай, рухтың азығы, тәннің шипасына кез боламыз. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі яғни ізгілікке апарар жол.

Құдси хадисте Алла Тағала: Ораза – тек Мен үшін, оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...», -деген. Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық!

Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескере келе, биыл рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі.

Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады».-деді Серікжан Еншібайұлы.

Одан өзге наиб имам Азат Ерланұлы Рамазан айының құндылығына тоқталды.

Брифинг соңында БАҚ өкілдеріне Рамазан кестесі мен «Оразаға арналған 150 сұрақ», «Ораза тағлымы» кітабы табысталды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі