Ақтөбе: Ораза айт – 2023  \ репортаж (ФОТО) 2670

Ақтөбе: Ораза айт – 2023 \ репортаж (ФОТО)

21 сәуір 2023 493 Оқу 1 минут

Бүгін күллі мұсылман үшін ұлық мереке Ораза айтта ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты облыс, қала, аудан, ауыл мешіттерінде 38 000 адам айт намазын оқыды.

Таңмен таласа құлшылыққа асыққан халықтың үлкені мен кішісі қатар тұрып сап түзеп, имамға ұйып, дұға-тілектерін айтты.

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ұлттық нақыштағы іс-шаралар ұйымдастырылып, ораза айт мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.

Қасиетті күннің маңыздылығы туралы уағыз-насихаттар айтылды. Сонымен қатар ақсақалдарға, ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді. Он бір ұлттық ойындардан атап айтсақ, бәйге, қазақша күрес, қол күрес, гір тасын көтеру, аударыспақ, өгіз тартыс, қой көтеру, арқан тартыс, жебе тарту, асық ату, ләңгі тебуден сайыстар өтіп, үздіктер марапатталды.

Іс-шара барысында бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, салт-дәстүріміз насихатталды.

Дәстүрімізді жаңғыртқан ұлттық шарада қазақы нақыштағы жәдігерлер таныстырылып, алтыбақан орнатылды.

Айттық дастарханы жайылып, қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Биылғы ораза айттың ерекшелігі – Қобда ауданында этноауыл жасақталып, тай жарыс, құнан, аламан бәйге сайыстары ұйымдастырылып, оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен облыстық мешіттің наиб имамы Азат Ерланұлы қатысты.

Отбасылық мереке саналатын мерекенің бірі – ораза айт қарсаңында балаларға да арнайы салтанатты мерекелік шара жасалып, айттық үлестірілді. Кешірім мен шүкір тоғысқан күн ел болашағы бүгінгі бүлдіршіндердің жадында дін мен дәстүр сабақтасқан мереке ретінде сақталып.

Имамдар мен ұстаздардың ұлттық нақышта ұйымдастырған Ораза айт мерекесі әр қатысушының ризашылығы және ақ батасымен қортындыланды.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі