Ақтөбе облысының Бас имамы Башқұрстанда өткен халықаралық конференцияға қатысты 5026

Ақтөбе облысының Бас имамы Башқұрстанда өткен халықаралық конференцияға қатысты

20 қараша 2025 132 Оқу 1 минут

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлынының тапсырмасымен Ресей мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Башқұрстанда өткен «Исламның идеалдары мен құндылықтары: бір үммет, ортақ тағдыр» атты XVI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев қатысты.

Шара Бас мүфти шейх ул-Ислам Талғат Таджуддиннің Ресей мұсылмандары орталық діни басқармасының (ММДБ) төрағасы болып сайланғанына 45 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Конференцияда 18 шет елден келген 500-ге жуық дін қайраткерлері, ислам қоғамының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар болды.

Уфа қаласындағы конференцияда Қазақстан тарапынан қатысқан Амантай Садиев пленаралық отырыста қара шаңырақ ҚМДБ-ның жұмыс барысы, жетістіктері туралы баяндады.

Башқұртстан басшысы Радий Хабиров өз сөзінде Талғат-Хазрет Таджуддиннің ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесіне тоқталды. Өңір басшысы Ресей Орталық мұсылмандар діни басқармасы рухани білім беретін ірі орталықтардың бірі екенін ерекше атап өтті. Талғат Таджуддиннің бастамасымен бауырлас елдердің мұсылмандық рухани басқармаларының басын біріктіретін Еуразиялық Ислам білімін насихаттау қауымдастығы құрылды.

Халықаралық шарада барлық қатысушылар исламның мұраттары мен құндылықтарына, рухани бірліктің маңыздылығына, ел ішінде де, әлемде де бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қатысты негізгі мәселелерді талқылады. Одан өзге олар дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау қажеттігін айтып, мұсылман үмбетінің бірлігіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі