Ақтөбе облысында алғаш рет «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы ұйымдастырылды 1289

Ақтөбе облысында алғаш рет «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы ұйымдастырылды

10 ақпан 2022 191 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен, ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде алғаш рет діни тұрақтылықты сақтау мақсатында «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы қолға алынды.

Аталған жоба негізінде 10 ақпаннан бастап іс-сапар Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласынан бастау алды.

«Көшпелі уағыз-насихат» құрамында Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, РАНТ мүшесі, Атырау қаласындағы «Әт-Тақуа» мешітінің бас имамы Өсімхан Тілеуов, РАНТ мүшесі, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман, «Досжан Хазрет» мешітінің имамы Шынболат Үмбетов, «Қайырқожа» мешітінің имамы Сұңғат Саметов, «Әс-салам» мешітінің имамы Нұрлыбек Такеев, Хромтау ауданының Бас имамы Ерік Сұлтанов, «Мәртөк» ауданының Бас имамы Зарлық Ералин т.б бар.

Бүгін Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, РАНТ мүшесі Өсімхан Тілеуов т.б имамдар Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Тұрарұлының қабылдауында болды. Кездесу барысында жат ағымның алдын алу жоспары талқыланды.

Аудандық әкімішілікте өткен жұмыс жоспарын талқылау жиынынан соң «Қадырәлі ата» мешітінде 10 отбасыға қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Оның 3-і «Жусан» операциясымен елге оралған әйел адамдар, 7-і аз қамтылған және көпбалалы отбасылар.

Сонымен қатар РАНТ мүшесі, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков Мұғалжар гуманитарлық-техникалық колледж студенттерімен кездесіп, «Жат ағымның зардабы» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ал облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы «Мұғалжар аудандық тарихи өлкентану» музейі КММ-де жалпы халықпен кездесіп, «Діннің қоғамдағы орны» туралы дөңгелек үстел өткізді.

Одан кейін жамағат арасындағы татулық пен бірлікті арттыру мақсатында ұстаз бен жамағат арасында футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылып, оған 4 топ қатысты.

Бірінші күннің қортындысында құптан намазынан кейін РАНТ мүшесі Өсімхан Тілеуов аудандық «Нұртай» мешітінде «Зағип сахабалар» тақырыбында, Серікжан Еншібайұлы «Қадырәлі ата» мешітінде «Алланың нығметіне шүкіршілік ету» тақырыбында жамағатқа уағыз айтты.

Жұмыс жоспарына сай Мұғалжар ауданына қарасты Ембі қаласы, Батпақкөл ауылдық округі, Сағашилі ауылдық округі, Ақкемер ауылдық округі, Жұрын ауылдық округінде де уағыз-насихат жұмыстары жасалып, дін аясында қойылған сұрақтарға имамдар тұшымды жауап берді.

«Көшпелі уағыз-насихат» жобасы аясында өтіп жатқан Мұғалжар ауданындағы іс-сапардың екінші күні ертең жалғасын табады.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі