Ойылда жат ағымдардан сақтандыру бағытында кездесу өтті
ҚМДБ жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ойыл ауданының бас имамы Бақжарық Қызыр аудандық оқушылар үйінің қызметкерлерімен кездесті. Шара «Дәстүрлі діни-рухани құндылықтар – жат идеологияға қарсы» тақырыбында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында ауданның бас имамы дәстүрлі діни-рухани құндылықтардың қоғам тұрақтылығындағы орны жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың ел бірлігіне тигізетін кері әсері, діни сауаттылықты арттыру және ғаламтор кеңістігіндегі күмәнді діни ақпараттардан сақтану жолдары сөз болды.
Жиында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі Ислам құндылықтарын берік сақтау және өскелең ұрпаққа дұрыс рухани бағыт-бағдар берудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында ұжым қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, имамнан тұшымды жауаптар алды.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі





































