Ақтөбе облысында 71-ші мешіт ашылды (ФОТО) 2248

Ақтөбе облысында 71-ші мешіт ашылды (ФОТО)

04 қараша 2022 241 Оқу 1 минут

Бүгін қасиетті жұма күні Алладан сауап үміт еткен жомарт жандардың демеушілігімен Ақтөбе облысы, Қобда ауданында 100 адамдық сыйымдылықты қамтыған Талдысай ауылдық мешіті ашылды. 

Алланың үйінің ашылу лентасын облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен демеуші 85 жастағы ақсақал Бекарыстан Дүйсенқазыұлы қиды.

Салтанатты шара облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадманның Құран оқуымен ашылып, облыстың Бас имамы батасын жасады. Ал шара барысында құрметті қонақтар рет-ретімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.

Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге арнайы келген облыстың Бас имамы: «Құрметті Талдысай ауылының тұрғындары, бүгін облыстағы 71-ші мешіт халық игілігіне берілді. Бүгінгі жер бетіндегі ең қасиетті ең таза мекен Алланың үйінің ашылуы баршаңызға құтты болсын! Мешіт – адамдарды мейірімділікке, сүйіспеншілікке шақыратын, бір-біріне қамқор болып, қол ұшын беретін, мұқтаж болған адам жанына тыныштық табатын, сондай бір қасиетті, ұлық мекен. Бұл – имандылықтың, білімнің, тәрбиенің ордасы.

Мешіт салу – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған қасиетті іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінің 18-аятында: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі», - деп құттықтай келе, аталған ғибадат үйінің салуына демеушілік танытқан жомарт жандарға ерекше алғысын білдіріп, алғыс хат табыстады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – деген имам Бұхари, Муслим.

Одан өзге құрметті қонақтардың бірі, аудан әкімі Болат Ахметұлы мен ауыл ақсақалы Сағын Алтынбекұлы ақ жарма тілегін айтты.
Шара қортындысында Серікжан Еншібайұлы жастарға имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналса деген ниетте мешітте арнайы алдырған хадияны тарту етті.

Ашылу салтанатынан кейін жамағатқа облыстың Бас имамы қазіргі уақытта жеке адамға және бүтіндей қоғамға қатер тудырып бара отырған дертті мәселелердің бірі – зиянды әдеттерге тәуелділік туралы жұма уағызын жүргізді.

Ал ауданның имамы Абай Шимболатов пен мешіт жамағаты арнайы келген қонақтарға арнап 120 адамға мейрамханада ас берді.

Айта кетсек, мешіт ауласына 13 түп жеміс ағашы отырғызылды.

Бүгінгі ашылған ғибадат ордасы 1 қабаттан тұрады. Сыйымдылығы: 100 адам. Ер және әйел жамағатына арнайы зал мен дәрісхана қарастырылған.

Жаңа мешіт ел халыққа игілік сыйлаған, тазалық пен туралыққа шақырған,тақуалардың мекені болуды Алла Тағала жазсын!



 Ақтөбе облыстық орталық 

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі