Ақтөбе мешіттерінде қажылыққа дайындық дәрістері өтті 6271

Ақтөбе мешіттерінде қажылыққа дайындық дәрістері өтті

12 сәуір 2026 28 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе өкілдігіне қарасты қала, аудан, ауыл мешіттерінің имамдары жамағатқа қажылыққа дайындық бағытында арнайы дәрістер өткізді. Аталған тағылымды жиындарда қасиетті сапарға ниет еткен азаматтарға қажылықтың парыздығы, оның рухани маңызы мен тәрбиелік мәні кеңінен түсіндірілді.

Дәріс барысында қасиетті Құран Кәрім аяттарына сүйене отырып, Алла Тағаланың: «Адамдарды қажылыққа шақыр. Олар саған жаяу және әр түрлі көлікпен, алыс жолдардан келеді» («Хаж» сүресі, 27-аят) деген әмірі насихат етілді. Сондай-ақ: «Қажылық белгілі айларда. Кімде-кім сол айларда қажылықты ниет етсе, онда оған жаман сөз, күнә және дауласу жоқ» («Бақара» сүресі, 197-аят) деген аят арқылы қажылықтағы әдеп пен сабырдың маңыздылығы түсіндірілді.

Сонымен қатар, Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла разылығы үшін қажылық жасап, жаман сөз сөйлемей, күнә істемесе, анадан туған күніндей күнәсіз оралады» (Бухари, Муслим) деген хадисі келтіріліп, қажылықтың үлкен сауапқа толы құлшылық екені айтылды.

Имамдар қажылықтың шарттары мен парыздары, уәжіптері мен сүннеттері, сондай-ақ қажылық кезінде жасалатын амалдардың реттілігі туралы жан-жақты ақпарат берді. Бұдан бөлек, қажылық сапарына дайындық барысында денсаулыққа мән беру, сабыр мен төзімділік таныту, сапар әдебі мен тәртіптері жайында да маңызды кеңестер айтылды.

Практикалық бөлімде жамағатқа ихрам киімін дұрыс орау тәсілдері көрсетіліп, әрбір қадам түсіндірілді. Ихрамға кіру әдебі, ниет ету және тыйымдары жайлы да кеңінен баяндалды.

Дәріс барысында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, тәжірибелік тұрғыда пайдалы мәліметтер ұсынылды. Қажылық сапарына барушылар үшін қажетті құжаттар, жол жүру тәртібі мен қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады.

Мұндай рухани дәрістер жамағаттың діни білімін арттырып қана қоймай, ұлы сапарға деген жауапкершілікті сезінуге, оны шынайы ықыласпен әрі дұрыс атқаруға үлкен септігін тигізуде.