Ақтөбе мешіттері 1134 оқушыны мектепке дайындады (ФОТО)
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің жылдық тапсырмасы аясында Ақтөбе облысы өкілдігі ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізіп, облыстың Бас имамы Амантай Садиев, өңірдегі «Зекет және қайырымдылық» қорының жауапты өкілі Алмат Әли қатысып, 1134 оқушыға сөмке мен мектеп құралдарын табыстады.
Жаңа оқу жылының қарсаңына орай ұйымдастырылған бұл дәстүрлі игі шараға облыс, қала, аудан, ауыл мешіттері де үлесін қосты.
Мақсат – әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі т.б санаттағы оқушыларды мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету.
Облыстың Бас имамы : «Алла Тағала Құранда: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), тақуалыққа (жақсылыққа) қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят), – деп баяндайды. Ендеше, жақсылыққа жаршы болып, осындай акцияларға үлес қосуға шақырамын», -деп қайырымдылық акциясының маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар бүгінгі өскелең ұрпақ – болашақ бастауы екендігін айтып, дәстүрлі түрде өтетін мектеп оқушыларына қолдау ретіндегі шараның негізгі мақсатын атап өтті. Одан өзге білім алудың дініміздегі орны мен сауабы жайлы айта келіп, қайырымдылық акциясына атсалысқан қолы ашық, жомарт жандарға ризашылықтарын білдіріп, кәсіптеріне береке тіледі.
Ал облыстық мәслихаттың депутаты Марат Қойлыбаев ата-аналар мен балаларды алдағы жаңа оқу жылымен құттықтады.
Айта кетсек, облыс бойынша «Мектепке жол» акциясы қарсаңында қосымша көп балалы, аз қамтылған, жалғыз басты, мүмкіндігі шектеулі санаттағы отбасылардың 30 шақты баласына мектеп формасымен киіндірді.
Көмек алған ата-аналар Бас мүфти мен имамдарға, демеуші жандарға ризашылығын білдірді.
Шара қорытындысында облыстың Бас имамы өңірдегі БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі














































































