Ақтөбе: Карантинде Рамазанды қалай өткіземіз? 603

Ақтөбе: Карантинде Рамазанды қалай өткіземіз?

12 сәуір 2021 170 Оқу 1 минут

Өкінішке орай, биыл да Рамазан айын пандемиялық жағдайда күтіп алғалы отырмыз. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал күрделі болып отыр. Короновирус індетіне шалдыққандар саны күн санап көбейгендіктен Ақтөбе облысы қызыл аймаққа енгізілді. Сол себепті, Ақтөбе облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің ү.ж. 30 наурыз күні шыққан №12 қаулысында көпшіліктің қатысуымен өткізілетін той-жиындар, садақа астар мен ауызашар дастархандары және көпшіліктің қатысуымен өтетін құлшылықтарды уақытша тоқтату керектігі айтылған.

«Осыған орай, Ақтөбе облысында Рамазан айындағы діни шараларды өткізуге қатысты төмендегі нұсқаулықтарды назарға алуға шақырамыз», - деп мәлімдеді Бас имам Төлеби Оспан Рамазан айына қатысты өткен брифингте.

  • Тарауих намазы – Рамазан айында ғана орындалатын құлшылық. Сондықтан бұл намазға әдеттегі намаздан қарағанда кісі көп жиналады. Тарауих намазын толық оқып шығу – 1 сағатқа дейін созылады. Сол себепті, індеттің таралуының алдын алу мақсатында Ақтөбе мешіттерінде тарауих намазы уақытша оқылмайды. Мешіттер ақшам намазынан кейін таң намазына дейін жабық болады. Алайда, мешіттер күндіз ашық болады.
  • Ауызашар беру – Рамазан айында жайылатын мерекелік дастархан. Мұсылман баласы ораза ұстаған жандарға ауызашар дастарханын жайып, сауапқа кенелгісі келеді. бірақ, биыл індетке байланысты мүмкін болмайын деп тұр. Өткен жылы пандемия кезінде Бас мүфти бастамасымен ауызашар дастарханының орнына «Ауызашар қоржыны» деген атпен мұқтаж жандарға азық-түлік тарату ісі ұсынылған болатын. Аталмыш жоба аясында қаншама мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді.

Биыл да ауызашар бергісі келетін облыс тұрғындарына «Ауызашар қоржыны» атты акцияға атсалысуға шақырамыз. Бұл шараны «Нұр Ғасыр» мешіті ұйымдастырады. Ол үшін сіздер «Kaspi bank» қосымшасындағы қайырымдылық батырмасының ішінде Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітін таңдап, оның ішінде қайырымдылық түрін таңдағанда «Ауызашар» батырмасын басып, ауызашар беруге арнаған қаражатыңызды аударуыңызға болады. Ақтөбе өкілдігінің сайтында және әлеуметтік желілерде қанша отбасыға ауызашар қоржындары таратылғаны жөнінде есебі беріліп отырады.

Осы ретте жергілікті мейрамхана мен асхана басшыларына ауызашарға онлайн тапсырыс алып, үйлеріне жеткізіп беру қызметін ұйымдастыруды ұсынамыз. Көп кісіге ауызашар бергісі келетін адам мейрамханаларға тапсырыс беріп, туған-туыстары мен достарының мекен-жайын айтса, мейрамханалар тапсырыс бойынша ауыз бекіткен кісілерге жеткізіп беру арқылы ауызашар беруіне болады.

  • Пітір садақасы – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Бүгінде күміс нисабы шамамен 200 мың теңге деп бекітілді.

Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес. Әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері үшін береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, әлбетте сауаптан құр қалмайды. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.

Биылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 420 теңге етіп белгіленді. Пітір садақа Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында бере алмаған жағдайда кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды.

Ақтөбе облысының тұрғындары өткен жылдағыдай «Kaspi Bank» және «Халық банк» қосымшалары арқылы өз пітір садақаларын облыстағы мешіттердің кез келгенін таңдап аудара алады.

  • Екпе егу. Аузы берік адамның екпе салдыруына қатысты ҚМДБ мәлімдемесі жарық көрді. Мәлімдемеде былай делінген: «Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды», – делінген. Аузы берік адам екпе алғаннан соң өзін жайсыз сезініп, дәрігерлер оған дәрі қолдануға кеңес берсе, онда оразасын бұзып, ем қабылдайды. Сол күндердің қазасын айттан кейін өтейді.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі