Ақтөбе: «Ізгілік жаршысы – Әз Пайғамбар» атты рухани  Мәуліт кеші өтті (ФОТО) 3017

Ақтөбе: «Ізгілік жаршысы – Әз Пайғамбар» атты рухани Мәуліт кеші өтті (ФОТО)

24 қазан 2023 123 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Студенттер сарайында «Ізгілік жаршысы – Әз Пайғамбар» атты рухани Мәуліт кеші өтті.

 Кеш облыстың бас қариы, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Бекжан Әлденовтың Құран оқуымен басталып, облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлының елдің амандығы мен берекесін тілеуімен жалғасын тапты.

Ғибратқа толы кешке арнайы қонақ ретінде Алматы қаласынан қазақ өнерінің қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, Майлықожатанушы, ақын, сазгер, термеші Жәкен Омаров пен Алматы қаласындағы «Орбита-3» мешітінің имамы, РАНТ мүшесі Дастан Құрманбаев келді.

Ізгілікке жол бастар Мәуліт кешінде адамзаттың асылы, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаяны мен ата-бабасының тарихынан сыр шертетін «Пайғамбарға салауат жырын» ақын-сазгер Жәкен Омаров пен «Ақтөбе» медресе-колледжінің шәкірттері орындады.

Руханиятты байытуға арналған шарада облыстың Бас имамы: «Біз бүгін адамзатты қараңғылықтан шығарып, нұрға бөленуіне дәнекер, әлемнің мәңгілік мақтанышына айналған, ең таңдаулы, мақтаулы, парасатты тұлғасына арналған Мәуліт кешіне жиналып отырмыз.

Қасиетті Құран Кәрімде «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алғандарға – Алланың елшісінде көркем өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят) делінген.

Осы айда еліміздің әр түкпірінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәуліті аталып өтілуде. Бұл мереке – адамзаттың ардақтысы болған Хақ елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағанын ұмытпауымыз керек» деп, ұлық айдың қадір-қасиеті жайлы айта келе, рухани кешті ұйымдастырудың мақсатына тоқталды.

Облыстық Т.Ахтанов драма театрының әртістері дархан даламыздың абыз-даналары, соның ішінде Ақтөбе өңірінен шыққан Досжан хазірет, Нұрпейіс ишан және Құнанбай қажы сынды бабалармыздың қажылық сапарындағы ғибратты оқиғаларынан үзінді ретінде режисер, мәдениет саласының үздігі Дәметкен Құсайынованың «Аманат» қойылымын қойды.

Жыршы Әділбек Сариннің шәкірттері, «Ер Едіге» жыр мектебінің оқушылары Александра Пагарилова мен Тихон Казлов «Қысыр ешкінің сүт беру мұғжизасы», ал Жеңіс Әкімжан «Пайғамбарымызды сүт анасына табыстау» жырын «Адамзаттың асыл тәжі» кітабының желісі бойынша орындап, көрермен көзайымына айналды.

Кеш барысында Елшат Әуесханов «Жақсы мен жаман» термесін, Ахан Ербозов Шорайықұлы Омардың өсиетін орындады.

Кештің құрметтің қонақтары РАНТ мүшесі Дастан Құрманбаев «Пайғамбарды өз көзімен көріп, мүбәрак сөзін тыңдаған саңлақ сахабалардың, ғаламның ғажайып нұрына деген ғашықтығын біз тілмен айтып жеткізе алмаймыз» -дей келе, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сипаты туралы насихат айтса, Жәкен Омаров халыққа танымал әндерінің бірі «Зікірулланы» айтты.

Одан өзге кеш қортындысында Мәуліт сыйы ретінде көрермен арасында қолдарындағы билеттің нөмірі арқылы жеребе таңдалып, Ұмраға жолдама табысталды.

Ізгілікті насихаттаған кеште билеттен түскен қаржыны ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында облыстағы үздік еріктілердің бірі, жақсылық жаршысы екі бүйрегі істен шыққан Нұрбек Жалғасбаевқа 700 000 теңге, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Қайрат Дәрменовке еміне деп 100 000 теңгені облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы табыстады.

Пайғамбарымызға салауат айту, оның асыл қасиеттерін дәріптеу, халық арасында имандылықты насихаттай отырып, тұрақтылық пен тыныштыққа үндеу мақсатында өткен шараның биылғы ерекшелігі – дін мен дәстүр аясында Ақтөбе өнерпаздарының өнерімен есте қалды деп жиналған көрермен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі