Ақтөбе имамдары арасында волейболдан турнир өтті
ҚМДБ «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ақтөбе қаласы «Бақытжан» мешітінің имамы Еламан Кәрім және мешіт жамағатының ұйымдастыруымен Ақтөбе облысы имамдары арасында волейболдан турнир өтті.
Спорттық шарада Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев алғысөз сөйлеп, дін қызметкерлерінің арасында бірлік пен татулықты нығайту, өзара сыйластық пен құрметті арттыру басты мақсаттардың бірі екенін атап өтті.
Турнирге облысымыздың қала-аудандарынан келген имамдар мен мешіт қызметкерлерінен құралған командалар қатысып, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс барысында қатысушылар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, бауырмалдық пен ынтымақтың жарқын үлгісін танытты.
Жарыс қорытындысы бойынша Ойыл ауданының атынан шыққан «Бірлік» командасы бас жүлдені жеңіп алып, 100 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің атынан келген «Нұр Ғасыр» командасы екінші орынды еншілеп, 70 000 теңге қаражатты қанжығасына байлады. Ақтөбе қаласы мешіттерінен құрылған «Ағалар» командасы үшінші орынды қанағат тұтып, 50 000 теңге қаржылай сыйлыққа қол жеткізді.
Турнир соңында жеңімпаз командалар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай спорттық кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, дін қызметкерлері арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықтың артуына өз үлесін қосатынын жеткізді.
Соңында «Бақытжан» мешітінің имамы Еламан Кәрім және мешіт жамағаты арнайы дастархан жайып, қонақтарға құрмет көрсетті.




























































