ҚМДБ 30 жыл: «Салауатты жамағат» атты турнир өтті 371

ҚМДБ 30 жыл: «Салауатты жамағат» атты турнир өтті

16 қараша 2020 172 Оқу 1 минут

Өткен жұма күні ҚМДБ-ның «Жастар ісі» секторының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Ержан Мизамовтың ұйымдастыруымен «Салауатты жамағат» атты мешіт жамағаты арасында шағын футболдан турнир өтті. ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай өткен турнирдің салтанатты ашылуына «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли арнайы қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

«Ақтөбе» медресе колледжінде өткен футбол жарысына Ақтөбе қаласы мешіттерінің жас жамағаттары мен имамдарынан құралған 7 команда қатысты. Жалпы саны 49 адам болды. Турнирдің ерекшелігі – әр мешіттің командасы басқа мешіттерден келген ойыншылармен араласып ойын көрсетті. Аталмыш шараны өткізудегі мақсат – мешіт жамағаттары арасында тығыз байланыс орнату, жат ағымдардан сақтандыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Сондай-ақ, мұсылманшылыққа тән сабырлылық пен көркем мінезді ойын кезінде де сақтауды үйрету.

Сайыс соңында ҚМДБ-ның «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан мен Ақтөбе облыстық Дін істер басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев және «Ақтөбе» медресе колледжінің Директоры Әбдімүтәліп Дәуренбеков жеңімпаздарды марапаттады. Бас жүлдені Ақтөбе қалалық орталық мешітінің командасы ұтып алып, 50 000 теңгені қанжығасына байласа, II орынды Сүлеймен ата мешітінің командасы жеңіп алып, 30 000 теңгені иеленді. Ал, Әс-Сәлам мешітінің командасына III орын бұйырып, 20 000 теңге қаржылай сыйақы табысталды. Бұдан бөлек Сапар Айсұлтан «үздік қақпашы», Оразғалиев Серікбол «үздік шабуылшы», Салауат Самғат «үздік қорғаушы» және Еркінбек Елемесов «үздік ойыншы» деген номинациялармен марапатталды.

Жеңімпаз командалар жүлделерінің 30 000 теңгесін «Ақтөбе» медресе колледжіне қайырымдылық көмек ретінде берді. Осылайша Ақтөбе имамдары мен жамағаттары салауатты өмір салтын ұстана отырып, жамағат арасындағы бірлік пен татулықтың озық үлгісін көрсете білді.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің 

баспасөз қызметі