Ақтөбе: Имамдардың біліктілігін арттыруға арналған семинар басталды 1176

Ақтөбе: Имамдардың біліктілігін арттыруға арналған семинар басталды

03 қаңтар 2022 110 Оқу 1 минут

Бүгін "Әс-Сәләм" қайырымдылық мекемесінде Ақтөбе қаласы және аудан имамдарының біліктілігін арттыру семинары өтуде.

Семинар барысында Облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы "Уағыз айтудың әдіс тәсілдері"  тақырыбында  имамдарға уағыз айтудың 8 тәсілін түсіндірді. Ал "Әс-Сәлам" мешітінің бас имамы Нұрлыбек Такеев "Тәлімгер тағылымы" тақырыбы аясында дәріс өтті. 

"Облыстық дін істері басқармасы, "Аңсар" АТО мен ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігімен бірлесе отырып, жылдың алғашқы іс-шарасы ретінде имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында семинар өткізіп отырмыз.

Семинарда  "Уағыз айтудың әдіс тәсілдері", "Өмірдің заңдылығы – адамгершілік психологиясы", "Мемлекеттің дін саласындағы саясаты", "Тәпсір тарихы", "Ханафи мазһабындағы хадис классификациясы"  тақырыбында Ақтөбе облысындағы танымал білікті теолог, ұстаздар, имамдар дәріс береді. Олардың қатарында Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, Ақтөбе қаласының Бас имамы, РАНТ мүшесі Нұрлыбек Шакизадаұлы,   "Әс-Сәлам" орталығының ұстазы Төлеген Талдыбаев, Түркия Республикасы Н.Эрбакан университетінің магистранты, ұстаз Ғабит Маткаримов, Түркия Республикасы Н.Эрбакан университетінің докторанты, "Ансар" КБОО ҚБ теологы Бақберді Доғанбаев бар", -деп ұйымдастырушылардың бірі "Аңсар" ақпараттық талдау орталығының басшысы Нұрсұлтан Жаншин семинардың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар семинар "Заман талабына сай әлеуметтік желіні жүргізудегі әдіс-тәсілдер" тақырыбында жалғасын тапты. Спикерлер Ағыс Қуаныш пен Ербұлан Тілектесов бүгінгі таңдағы әлеуметтік желінің маңыздылығын тілге тиек етіп, таргет жасау туралы айтты.

Одан бөлек үзіліс кезінде имамдар үстел теннисін ойнап, бой жазды. 

Еске салсақ, семинар үш күн өтіп, қатысушыларға 5 қаңтар күні сертификат табысталады.


Ақтөбе облыстық орталық 

"Нұр Ғасыр" мешітінің баспасөз қызметі