Ақтөбе: «Халал апталығы» өз мәресіне жетті 244

Ақтөбе: «Халал апталығы» өз мәресіне жетті

23 қазан 2020 207 Оқу 1 минут

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңірлерде халал өнімдерін насихаттауды жандандыруды тапсырған болатын. Осыған орай, ҚМДБ Ақтөбе өкілдігінің ұйытқы болуымен облыста «Халал апталығы» өтті. Өңірге Муфтиятқа қарасты «Халал Даму» мекемесінің басшысы А.Аташев арнайы іс-сапармен келді. Іс-шара ең алдымен Ақтөбе қаласында орналасқан Республикадағы тұңғыш «Halal Market» халал азық-түлік сататын мекемесі мен Алға қаласында «Family Food» тамақтану орталығының ашылуы және оларға «Халал Даму» сертификатын табыстаумен басталды. Осылайша Ақтөбе облысындағы халал сертификатын алған мекемелердің саны 16-ға жетті.

Бір қуантарлығы жоғарыда атап өткен Халал Маркет еліміздегі тұңғыш маркет болып отыр. Оның басты ерекшелігі - Халал Даму мекемесінен өткен адал өнімдерді ғана сатумен айналысады.

Жоспарлы жұмыс «Халал Даму» директоры Айбек Аташев пен Бас сарапшы, технолог Айжан Омарова жергілікті Халал кәсіпорындардың қожайындары және облыс имамдарымен кездесіп, семинар өткізумен жалғасты. Семинар барысында кәсіпорын иелеріне азық-түлік құрамындағы қоспалар мен шариғаттағы халал мен харам, күмәнді және рұқсат етілген заттардың түсінігі кеңінен түсіндіріліп, имамдарға жамағат арасында халал насихатын кеңінен уағыздалуы тапсырылды.

ҚМДБ «Халал Даму» стандарт талаптарының басты ерекшелігінің бірі – сертификат алған мекемелерде ай сайын тексеріс жұмыстарын жүргізуі. Осыған орай, сапар барысында Ақтөбедегі халал сертификатына ие болған барлық мекемелерде кешенді тексеріс жұмыстары жүргізілді. Олар: Алға қаласындағы «Ақтөбе ет кластері» ЖШС, Ақтөбе қаласындағы «Тағам» асхана желісі, «Жастық нан» ЖШС, «ЖазыкГрупп» ЖШС, «Eleven studio» ЖК, «Sadu Group» ЖК, «Тұрлыбаева» ЖК, «Мирманов Е.Ж» ЖК, «Шалтакова Р.Н.» ЖК, «Ғани Жұмашев» ЖК, «Мирный Алексей Анатольевич» ЖК кәсіпорындары.

Тексеру қорытындысы бойынша, барлық мекемелерде халал стандарт талаптары сақталып, ҚМДБ халал стандартына сай жұмыс жасап жатқандары анықталды. Стандарт талаптарын бұзған фактілер тіркелмеді.

Тексеріс кезінде, «Халал өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын жалпы талаптар» стандартының орындалуы мен қадағалануы басты назарға алынды.

Осылайша халал мамандары Ақтөбе өңіріндегі «Халал Даму» жұмысына оң баға беріп, істеріне сәттілік тіледі.

Еске сала кетер болсақ, әр өңірдегі халал бойынша стандарттау және сертификаттау жұмыстары, оқу-семинарлар, тексеріс, қадағалау, бақылау, лабораториялық зертханаға жөнелтілу, адал ас жөніндегі уағыз-насихат, айлық тексеріс жұмыстарының барлығы осы халалдың өңірлік өкілдерінің қызметі арқылы жүзеге асып жатыр. Ақтөбе облысы бойынша жауапты бақылаушысы Абдісаламов Жарасхан.

Бұдан өзге мекеме Директоры Айбек Асқарбекұлы "Ақтөбе" арнасының "сәті түскен сұқбат" атты бағдарламасына тікелей эфирге шығып, халал индустриясы бойынша сұқбат берді. Сонымен қатар қонақтар Есет батыр кесенесіне зиярат жасап, құран бағыштады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі