«Досжан ишан – Қазақстанның көрнекті діни қайраткері және рухани ағартушысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті 2915

«Досжан ишан – Қазақстанның көрнекті діни қайраткері және рухани ағартушысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

07 қыркүйек 2023 237 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кентіндегі аудандық мәдениет үйінде «Досжан ишан – Қазақстанның көрнекті діни қайраткері және рухани ағартушысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Рухани-танымдық жиын облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Бекжан қари Әлденовтың Құран аяттарын оқумен басталып, облыстық Т.Ахтанов драма театры әртістерінің Досжан ишан Қашақұлының өмірінен сыр шертетін «Аманат» қойылымын қоюымен жалғасын тапты.

Конференцияға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, тарихшы, профессор Серік Әжіғали, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Батыржан Мансұров, зерттеуші Елубай Жұмабаев, сәулетші Сәдуақас Сахиұлы, Досжан ишанның ұрпағы Асқар Хабибулин, облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, имамдар, БАҚ өкілдері т.б қатысты.

Жиынның тарихшы-ғалым Рахым Бекназаров тізгіндеді.

Аталған ғылыми-практикалық конференцияда ҚМДБ Төрағасы баяндама жасады.

Бас мүфти Ақтөбе облысынан шыққан дін қайраткерлері, ишандар мектебі туралы айта келіп, Досжан ишан Қашақұлының өнегелі өмір жолы мен дін Исламға сіңірген еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар Досжан хазіреттің қазақ қажыларына жасаған қамқорлығы жайлы да баяндады. .

«Досжан хазірет діни қызметпен айналысып қана қоймай, өз дәуіріндегі қоғамдық, елдік мәселелерге де етене араласты. Хазіреттің тағы бір еңбегі ретінде оның қазақтың жеке мүфтилігін ашуды көтергенін айтуға болады. Әбубәкір Кердері бұл жайлы:

– Баршасы үшбулардың пірім деді,

Хазірет ақылы дана, білімді еді.

Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап,

Өзінен халық қамын бұрын жеді, – деп жырға қосқан болатын.

Досжан хазірет 1888 жылдан бастап қазақ даласында өз алдына діни басқарма болу керек екенін айтып, Патша үкіметіне, Орынбор губернаторына бірнеше рет хат жазады. Әр ауылдың мешіт басқаратын өз молдасы болып, барлық молдалардың бір мүфтиге бағынуы керек екенін айтады. Мүфтилік қазақ даласындағы діни мәселелерді реттеп отыруы керек екенін ұсынды. Хазіреттің мұндағы мақсаты қазақ жерін Ресейдің отарлау, шоқындыру саясатынан сақтау болатын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Одан өзге ҚМДБ Төрағасы Досжан хазіреттің тақуалық жолын ұстанып, мыңға жуық шәкірт тәрбиелегенін, мешіт-медресе салдырғанын, дін Исламды аймаққа жаюға үлкен үлес қосқанын да айтты.