МИНИСТР НҰР-МҮБӘРАК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінің ұжымымен кездесті.
Басқосуға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен университет ректоры Мұхаммад әш-Шаххат әл-Жинди арнайы қатысты.
Министр әуелі университеттің 4000 орынға арналған жаңа ғимаратының құрылысымен танысты. Дархан Қыдырәлі Нұр-Мүбарак университетінің зайырлы мемлекет талаптарына жауап беретін, дін саласында білікті кадрларды даярлайтын жоғары оқу орны екенін, бүгінде түлектердің басым бөлігі университеттерде, медресе-колледждерде ұстаз болып, мешіттерде имам ретінде, өңірлік Дін істері басқармаларында, зерттеу орталықтарында инспектор және теолог болып қызмет етіп жүргенін атап өтті.
Ал өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Бұл оқу орны Елімізде жоғары білімді исламтану, дінтану, шетел тілі (ағылшын-араб) мамандарын көп сатылы жүйеде, яғни бакалавр, магистратура, PhD докторантура бойынша даярлайтын еліміздегі бірегей оқу ордасына айналды.
Аллаға шүкір, бүгінгі таңда білім ордасы ТМД елдері бойынша жоғары діни білімді маман даярлайтын бірден бір оқу орнына айналды. Бұл да Үкіметіміздің дін мамандарын даярлауға дер кезінде көңіл бөлуінің арқасында жүзеге асып отыр» деді.
Сондай-ақ кездесуде діни кадрларды даярлауға қатысты біршама мәселе талқыланды. Бұдан кейін министр университет кітапханасына «Көне түркі тіліне аударылған алғашқы құран» кітабын табыстады. Аталған кітап Х ғасырда тәржімаланғанын айта кеткен жөн.