«Біздің таңдауымыз — адал ас» атты семинар өтті
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ақтөбе қалалық орталық мешіті мен облыстағы «Халал Даму» мекемесінің мамандарының ұйымдастыруымен «Имани жаз — 2026» жазғы сауат ашу курсының шәкірттеріне «Біздің таңдауымыз — адал ас» атты танымдық семинар өтті.
Семинардың мақсаты – жасөспірімдер арасында адал ас тұтыну мәдениетін қалыптастыру, халал өнімдерді таңдау дағдыларын дамыту және тағам құрамына мән беру арқылы саналы көзқарас қалыптастыру. Іс-шараға 9-14 жас аралығындағы 60-тан астам бала қатысты.
Шара барысында Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова «Адал ас және тамақтану әдебі» тақырыбында насихат айтып, адал ризықтың мұсылман өміріндегі орны мен маңызына тоқталды. Ал «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша жауапты маманы, технолог Ақмаржан Ержанқызы тағам өнімдерінің құрамы, тағамдық қоспалар және халал өнімдерді анықтау жолдары жөнінде ақпарат берді. Маман өнімдерді таңдау кезінде қаптамадағы ақпараттарға назар аударудың және ҚМДБ жанындағы «Халал Даму» сертификаты бар өнімдерге басымдық берудің маңызын айтты.
Танымдық кездесуде қатысушылар сұрақ-жауап алаңына белсенді қатысып, топтық тапсырмалар орындады. Шәкірттер азық-түлік өнімдерінің суреттері арқылы олардың құрамын талдап, дұрыс таңдау жасау бойынша өзара пікір алмасты. Сондай-ақ арнайы дайындалған тапсырмалар мен пысықтау сұрақтарына жауап беру арқылы тақырып төңірегіндегі білімдерін толықтырды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі















































