Ақтөбе: Қала мешіттеріне 3 терминал орнатылды 74

Ақтөбе: Қала мешіттеріне 3 терминал орнатылды

11 қыркүйек 2020 179 Оқу 1 минут

Кеше Ақтөбе қаласындағы бірқатар мешіттерде жақсы жаңалық орын алды. Бас мүфти бастамасымен Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан қалалық мешітке орнатылған жаңа терминалдың тұсауын кесіп, облыстық Ақтөбе телеарнасына сұхбат берді.

«Технология дамыған кезеңде көптеген сала электронды жүйеге көшуде. Мешіттер де осындай үдерістен қалыс қалмай, садақа салудың онлайн түрін оңтайландыруға біртіндеп ауыстырылуда. Осыған орай, Бас мүфти бастамасымен мешіттердегі қаржының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында осындай терминалдарды орнатудамыз. Былтыр облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне бір терминал қойылды. Міне, бүгін қалалық орталық мешітпен қатар, «Досжан Хазірет» және «Бақытжан» мешіттерінде де игілікті қадам жалғасын тапты. Алдағы уақытта аудандық мешіттерде де садақа беруді электронды жүйеге көшіруді көздеп отырмыз», - деп атап өтті Төлеби қажы Дәділұлы.

Терминалдардың барлығы да мешіттің балансына сатып алынған. Қағаз ақшамен қатар 10 теңгеден бастап 100 теңгеге дейін купер да қабылдайды. Аппарат садақа салған соң арнайы түбіртек шығарып береді. Қаржы тікелей мешіттің есеп-шотына түседі. Міне, бұл мешіт қаржысының ашықтығын қамтамасыз етудің оңтайлы жолдарының бірі. Әрине, бастапқыда мешіттерге терминал орнату тосындау болып көрінуі мүмкін. Бірақ, мұның тиімділігін уақыт дәлелдейді.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі