Ақтөбе: Айттың алғашқы күні 1600-ге жуық отбасыға құрбандық ет таратылды
Бүгін Құрбан айттың бірінші күнінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен іске асып жатқан қайырымдылық акциясы аясында Ақтөбе облысы өкілдігі бойынша 35 ірі қара, 523 қой шалынып, 1524 отбасы мен 5 мекемеге құрбандық еттері таратылды. Ал Qurban.muftyat.kz сайтына Ақтөбе қаласынан 50 мұқтаж тіркелген.
Биылғы құрбандық шалу үрдісі де қашықтан және офлайн түрде ұйымдастырылып, Qurban.muftyat.kz сайты арқылы жүзеге асты. Атап айтсақ, қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары, сайт арқылы өтінім берген мұқтаж отбасыларға жеткізілуде. Сонымен қатар арнайы курьерлік қызметпен жеткізілген құрбандық еттерін алған қала тұрғындары «QURBAN-2025» онлайн қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысқан жергілікті билік мен облыс, қала, аудан мешіттеріне, жомарт жандар мен еріктілер тобына үлкен алғыс білдіріп, Алланың ризалығы мен сауабын тіледі.
Ақтөбе облысы және қала әкімдігінің қолдауымен ұлық мейрамды жоғары деңгейде өткізу үшін Құрбандық шалу рәсімі бекітілген Ақтөбе қаласында 4 жерде құрбандық шалуға болады: «Есік» ЖШС (Мал базары), «Айбек» СПК (41-ші разьезд), ЖК «Қасымов и К» (Жаңақоныс), ЖШС «Дала ел» (Алматы ауданы).
Алла Тағала ізгі ниетпен шалған құрбандықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі