АДАЛ ЕҢБЕК – АРДЫҢ ІСІ 5232

АДАЛ ЕҢБЕК – АРДЫҢ ІСІ

28 қыркүйек 2025 1 Оқу 1 минут

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти 

Құрметті қауым!

Баршаңызды бүгінгі Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мол табыс, бақыт пен береке тілеймін.

Ислам діні мұсылман баласын адал еңбек етіп, Алланың нәсіп еткен ризық-несібесін жинауға үндейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы» деп еңбек етуге шақырған.

Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Адам атадан (Алланың оған сәлемі болсын) бастап барлық пайғамбарлар Алла Тағалаға ғибадат етумен қатар егін егіп, қой бағып, темір ұстасы болып, күнкөріс үшін құрал-сайман жасап еңбектенгені баршамызға аян. Қайыр тілеп, өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергесін адам өз бала-шағасын адал табысымен асырауға қамдануы керек.

Сондықтан мұсылман адам жұмысының беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Біреуге жалданып, тау қопарып, тас уататын ауыр жұмыстарға жегілсе де, арқалап отын тасып, аула сыпырса да, ең бірінші кезекте нанын адал тауып жеуге ықылас танытуы тиіс. Өйткені ең бастысы адал жолмен жұмыс істегендіктен Алла Тағала оның еңбегін жоғары бағалары анық.

Алла Тағала баршамызға адал еңбек етіп, мол табысқа жетіп, екі дүние игілігіне кенелуді нәсіп еткей. Әумин!