Ақтөбе: 1000 отбасыға 18 тонна азық-түлік таратылды 638

Ақтөбе: 1000 отбасыға 18 тонна азық-түлік таратылды

30 сәуір 2021 283 Оқу 1 минут

Бүгін, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ «Зекет және Қайырымдылық» қоры Республика көлемінде «Берекелі Рамазан Керуені» атты ауқымды қайырымдылық марафонын ұйымдастырды.

Республика бойынша өткен аталмыш шараға ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі де қосылып, облыс мешіттерінің қызметкерлері жұмыла атсалысты.

Мешітке келуші жамағат пен облыстағы жақсылық жасауға жаны жомарт азаматтардың демеушілігімен өткен қайырымдылық іс-шарасында Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан сөз бастап, сауаптар еселенетін қасиетті Рамазан айында барша қайырымдылық жасаған мұсылман жамағатқа алғысын айтты.

Алла үйлерінің ауласына жиналған жүк және жеңіл көліктер арқылы ерікті жамағат облыс бойынша мешітке келіп өтініш білдірген мұқтаж отбасылардың үйіне азық-түлік толған қоржындарды жеткізіп, олардың алғыстарын алып қайтты.

Ауқымды қайырымдылық акциясы аясында Ақтөбе облысы бойынша 1000 отбасыға 18 тонна 394 келі азық-түлік үлестіріліп, 6 миллион 632 мың 900 теңге қаражат жұмсалды.

Алла тағала игі істе ат салысқан барша жомарт ағайынға разы болсын деп тілейміз!

 

Ақтөбе облыстық орталық 

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі