Талғат Аманов: Ораза айы – берекелі ай
Рамазан айының оразасы – Ислам дініндегі бес парыздың бірі. Мұсылмандар үшін рухани тазалық пен өзін-өзі тазартатын кезең.
Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер»[1]. Рамазан айының басқа айлармен салыстырғанда бірнеше ерекшелігі бар:
- Алла Тағала тарапынан бүкіл адамзатқа тура жол ретінде Құран түсті.
- Алла Тағаланың адамзатқа деген рақымы түсетін, кешірім айы.
- Мың айдан артық саналған, дұғалар қабыл болатын Қадір түні бар.
Шариғатта ораза дегеніміз – ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, ауыз бекітуге шамасы келетін адамның таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және ерлі-зайыпты қатынастан Алла Тағалаға құлшылық ниетімен тыйылу.
Оразаны бұзбайтын жағдайлар – ораза тыйымдарын ұмытып істеп қою. Бұл жағдайда өзінің ораза екені есіне түссе, дереу тоқтап ары қарай аузын ашпай оразасын ұстай береді.
Оразаны бұзатын және қазасы өтелетін жағдайлар – ораза тыйымдарын байқамай, абайсыз жасап қою. Бұндай жағдайларда ораза бұзылғанмен, ары қарай аузын ашпастан оразаға құрмет ретінде оразасын жалғастырады. Рамазан айы біткеннен кейін бір күн қазасын өтеп береді.
Оразаны бұзатын және қазасымен бірге кәффаратын өтейтін жағдайлар – ораза тыйымдарын әдейі жасау. Бұл кезде оразаның қазасымен бірге кәффаратын (1 күнге 60 күн) өтеу керек.
Үзірлі жағдайлар орын алған кезде оразаны ұстамауға рұқсат. Мысалы, жүкті әйелдер мен емізулі сәбиі бар аналар. Егер ораза ұстасам, сәбиге зиян тиіп кетеді деп қорықса немесе білікті дәрігер мамандары ораза ұстауға тыйым салса, кейін қазасын өтеп береді. Сол секілді сырқат адамдарда ораза ұстамаса рұқсат.
Сырқат екі түрлі болып келеді: уақытша және созылмалы. Уақытша сырқаттанып қалған науқастар аузын ашып, емін қабылдап, дертінен айыққаннан кейін қазасын өтеп береді. Ал, созылмалы сырқаты бар адамдарға білікті дәрігерлердің нұсқауымен өмір бойы мүлдем ораза ұстауға тыйым салынса, ораза ұстаған жағдайда ауруы асқынатын болса оразаның підиясын (құнын) төлейді. Бір адамды отыз күн бойы немесе отыз адамды бір рет тамақтандырса болады. Підия құны әр жылы әртүрлі белгіленеді. Биылғы құны 3520 тг болып бекітілді. Ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт кісілердің үкімі де осы секілді.
Сапарға шыққан адамға ораза ұстамауға рұқсат, кейін қазасын өтейді. Шамасы келсе ораза ұстағаны абзал.
Пітір садақасы – ораза кезінде орын алған ақаулық пен кемшіліктердің орнын толтыру. Пітір садақасының шарты дүние-мүліктің жеткілікті болуы; баспанасы, көлігі және де басқа да өміріне қажетті заттарымен қоса 85 гр алтыны бар немесе құны соған тең келетін қаражаты бар адамға пітір садақасын беруі міндет. Бұндай шарт табылмаса, пітір садақасы міндет емес. Биылғы пітір мөлшері 655 тг болып бекітілді. Пітір садақасын өзіңіз қалаған жерге бере аласыз.
1] Бақара сүресі, 183-аят.
Талғат Аманов
ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша
«Шариғат және пәтуа» бөлімінің жауапты маманы,
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы