ОРАЗАДА ОРАҚ ТІЛГЕ АБАЙ БОЛСАҚ... 2611

ОРАЗАДА ОРАҚ ТІЛГЕ АБАЙ БОЛСАҚ...

01 сәуір 2023 66 Оқу 1 минут

Алла Тағала Құран Кәрімде адам баласына көтере алмайтын сынақ берілмейтінін баяндайды. Демек Рамазан айының оразасын ұстау – шамасы жеткен әр мұсылманға міндет. Ораза ұстаған адамның дүние-тіршілігіне береке дарып, тәні мен жаны бірдей шаттанады.

Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Ораза ұстаушының екі қуанышы бар: аузын ашқанда қуанады және өзінің Раббысын кездестіргенде ораза ұстағанына қуанады» делінген. Яғни ораза ұстау – сырттай қарағанда ауыр әрі өзіңді қинау секілді көрінгенмен, сауабы сансыз, қайтарымы мол ғибадат.

Осы орайда ораза ұстаушыларға насихат ретінде өзекті бір дүниені айтып өткен жөн. Адам баласы жан мен тәннен тұратындықтан, жаны қалаған сауапты немесе күнәлі істі тәнімен, яғни дене мүшелерімен жасайтыны белгілі. Соның ішінде аса мән беруі тиіс дене мүшесі – тіл. Көп жағдайда ораза ұстаушылар аштық пен шөлге шыдағанымен, аузымен «апатқа» ұшырап жатады. Бұған ең алдымен оразаға деген ниет пен ықылас, тіпті ғибадат алдындағы дайындықтың әлсіздігі себеп деуге болады.

Құлшылыққа деген құлшыныс, Рамазанның әр сәтіне деген ыждағаттылық қана мұсылман үмбетін күнә құрсауынан құтқармақ. Ораза ұстау оңай болғанымен, күнәдан тыйылу қиын. Әйтсе де Рамазан – кемшілікті түзетіп, ізгі қасиеттерді еселейтін, күнәдан арылтып, сауапқа жетелейтін мүмкіндік айы. Тілдің де кесапатына тосқауыл қоюға, өзіңді өсек, өтірік, ғайбат айтудан немесе тыңдаудан тыюға берілген мүмкіндіктен айырылып қалмауды ойлауымыз қажет.

Ғибрат ретінде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында ораза ұстаған екі қыздың оқиғасы жыл сайын баяндалады. Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) замандас екі қыз Рамазан айында ораза ұстағанымен, тіліне ие бола алмайды. Бірде Пайғамбарымыз сахабаларына ораза ұстауды бұйырып: «Мен рұқсат етпейінше кешке дейін ешкім де ауыз ашпасын!» деп қатаң ескерту жасайды. Сөйтіп маңайындағы мұсылмандардың барлығы дерлік ауыз бекітіп, ораза ұстады. Күн батар тұста мұсылмандар Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алады. Сол кезде бір кісі жақындап келіп: «Уа, Расулалла! Екі қызым да күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, аузын ашса жақсы болар еді» деп өтініш білдірді.

Алайда екі дүние сардары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға рұқсат бермеді. Қыздардың әкесі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде Пайғамбарымыз: «Өкінішке қарай, олар бүгін ораза ұстаған жоқ. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбат сөйлеген) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағаны рас болса, дереу құсып, асқазандағы нәрсенің бәрін шығарсын» деді.

Әлгі кісі қыздарына Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқанын айна-қатесіз жеткізді. Олар Пайғамбарымыздың бұйрығын дереу орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсты. Бұл жайды Пайғамбарымызға айтқанда, ол: «Құдіреті күшті Алла Тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамай, асқазанында сол күйі қалып кеткенде тозақ отына отын болар еді» деді.

Тағы бір хадисте: «Пенденің жүрегі дұрыс болмай тұрып, иманы дұрыс болмайды, оның тілі дұрыс болмаса, жүрегі дұрыс болмайды» делінсе, енді бір өсиетінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен екі қабірдің жанынан өтіп бара жатып: «Олар азап көруде. Бірақ соншалық үлкен іс үшін қиналып жатқан жоқ. Бірі – истибра етпейтін (кіші дәретіне немқұрайлы қарайтын), екіншісі адамдар арасында сөз таситын еді» деп тіліне тыйым болмаған адамды тозақтан бұрын қабір азабы күтіп тұрғанын ескерткен болатын.

Өтірік, өсек, ғайбат айтудан бөлек оны тыңдау, тіпті біреу жайлы жаман ойда болу да адамның рухани қалпына кесірін тигізбек. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаман ойдан сақтаныңдар, өйткені ол – сөздің ең жалғаны» деген. Сауаптар еселеніп жазылатын мүбәрак айда күнәлардың да еселеніп кету қаупі барын дін ғалымдары ескерткен. Оразаның сауабын кемітетін, тіпті оны жоқ ететін күнәдан аулақ болуға тырысайық. Адал болған астан бас тартсақ та, тілімізден шығатын сөзге ие болмасақ, күні бойына аш жүргеніміздің қажеті шамалы.

                                                                                     

Бауыржан қажы НЫҒЫЗБЕКҰЛЫ,

Өскемен орталық мешітінің бас имамы

«Мұнара» газеті, №7, 2022 жыл