АСПАНДА ҚҰДАЙ КӨРІП ТҰР 250

АСПАНДА ҚҰДАЙ КӨРІП ТҰР

28 қазан 2020 315 Оқу 1 минут

Расында, мұндай сөзді бала күнімізде көп еститінбіз. Айтқанын қуаттау үшін «Төбемде Құдай тұр», - деп қоятынбыз. Бұл сөзге аса мән бермейтін едік. Жат ағымдар келіп, Алла аспанда деген мәселені қозғап, бізді бала күніміздегі сөздің мән-мағынасын дін кітаптарынан іздеуге итермеледі. Деструктивті діни ағым жолындағы бауырлар миғраж оқиғасын негіз етіп, неге пайғамбар (с.ғ.с.) Алла Тағаламен тілдесу үшін жеті қабат аспанға көтерілді деп мазаны ала бастады.

Исра және миғраж жайлы аятында Исра сүресінде: «Барлық кемшілік атауынан пәк Алла Тағала пендесін түнделетіп Харам мешітінен Ақса мешітіне сапар шектірді…[1]», - деп баяндалады. Аят Алла Тағаланы барлық кемшіліктен пәк екендігін айтып басталуда. Адам санасына келетін түрлі ойлардан Құдай пәк, соның ішінде мекенге мұқтаж емес екен ұқтыруда. Миғраждың сырын аяттың жалғасында ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жеті қабат аспандағы ғажайыптарды тамашалату, жәннат пен тозақты көрсету, мұнан да басқа жаратылысты өз көзімен куә болуы үшін шақырғанын айтады. Осы орайда, миғражда бес уақыт намаз парыз етілуі де аспанда Алла Тағаламен тілдесуі, Оның аспанды мекен еткенін аңғартады деп, айтқанынан қайтпайтын «бауырлар» жұрттың ойын сан-саққа жүгіртуде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сидратул Мұнтаха, жеті қабат аспаннан биік мақамда Алла Тағаламен тілдесті, Мұса (ғ.с.) пайғамбар Жаратушымен Палестина жеріндегі Тур тауының бөктеріндегі қасиетті Туа жазығында тілдесті. Алайда, бұл Алла Тағала мекенге тәуелді деген ұғымды білдірмейді. Алла Тағалаға иман – Оның шексіз құдірет иесі екенін, ешбір кемшілігі мен міні жоқ екеніне иман етуді білдіреді. Ол жеті қабат аспан мен жердің, барлық тіршіліктің Иесі, жоқтан бар етуші. Жаратушы Өзінің жаратқан затына қалайша тәуелді болмақ? Таһа сүресінде: «Ол отқа барған сәтте: «Уа, Мұса! деп шақырылды. Ақиқатында, Мен – Раббыңмын. Кебісіңді шеш. Сен қасиетті Туа жазығындасың. Мен сені пайғамбарлыққа таңдадым. Енді уахиды тыңда. Рас, Мен – Алламын. Менен басқа тәңір жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алу үшін намазды толық орында[2]», - деп әмір етілді.

Мұсаға (ғ.с.) намазды парыз еткенде Алла Тағала Тур бойында болмағаны сияқты, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға бес уақыт намаз парыз етілгенде де мекенге ешбір мұқтаж немесе тәуелді болмады. Қасас сүресінде: «Мұса мерзімді бітіріп, жұбайымен жолға шыққанда, Тур тауы жақтан бір от көріп, жұбайына: «Осында күтіңдер. Бір от көрдім. Бәлкім бір хабар немесе оттан бір шоқ әкелермін. Сендер жылынасыңдар», - деді. Ол жерге келген сәтте, құтты жердегі ойпаттың оң жағындағы ағаштың жанынан: «Уа, Мұса! Мен – әлемдердің Раббы Алламын», - деп, дабысталды. «Таяғыңды таста!» Сонда оны иреңдеген жылан тәрізді көріп, бұрыла артына қарамай жөнелді. «Уа, Мұса! Бері бұрыл, қорықпа! Шынында сен амандықта болғандардансың!», - деген аят бар. Міне, осы аяттардың беткі мағынасына көз салсақ, Алла Тағала пайғамбары Мұсамен (ғ.с.) сол жерде тұрып сөйлескенін көрсетіп тұр. Анығырақ айтқанда, Тур тауының бөктері, Туа жазығы, оттың маңайы және құтты ағаш жанында. Демек, аяттардың сырт мағынасымен қабылдасақ, Алла Тағала Тур тауы мен Туа жазығында тұрып пайғамбарымен тілдескен. Алайда, бұлай айту Жаратушының ұлығығына керағар. Демек, араб тілін меңгеріп, Құран және хадис мәтіндерін тікелей аударып, қасиетті қос кітапты, яғни Алланың сөзі мен пайғамбар сүннетін түсіну мүмкін емес. Қала берді, адам мұндай әдіспен адасып, өзін жоғалтады. Жат ағымның логикасымен түсінетін болсақ, Алла Тағала Тур тауы былай тұрсын, сол таудағы қай ағаштың маңында екенін анықтауға болады. Әрине, бұл адасудың ең сорақы түрі. Олай дейтінім, Абайша айтқанда:

Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы, - дегендей өзінің кім екенінен бейхабар бола тұра, шексіз ғаламды Жаратушы Тағала жайлы ой қозғауы нағыз ақымақтық. Сондықтан ғалымдар, Алла Тағаланың болмысы жайлы емес, Оның жаратқан ғаламы жайлы пікірле, зер сал, - деп бағыт-бағдар берген.

Табиғин Масрұқ (р.а.) Айша анамыздан (р.а.): «Уа, ана! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Раббысын көрді ме?», - деп сұрайды. Сонда Айша анамыз (р.а.): Бұл айтқан сөзіңнен төбе шашым тік тұрды. Кімде-кім Мұхаммед (с.ғ.с.) Раббысын көрді деп айтса, оның сөзі жалған, өтірік, - деп соңыра: «Көздер Оған жете алмайды (көруге қауқарсыз). Ол көздерді көреді. Және Ол, Латыф - өте жұмсақ, Хабир – толық білуші[3]», - аятын оқыған екен[4]. Бұл оқиға Бұхари мен Муслим кітаптарында жазылған.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мені Маттаұлы Юнустан артық санамаңдар[5]», - деген сөзі бар. Юнус пайғамбарды Алланың қалауымен үлкен балық жұтқаны мәлім. Міне, сол теңіз түбінде жатқан Юнустен жеті қабат аспанға шығып келсем де артық емеспін деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуы Алла Тағаланың мекенге тәуелді емес екенін аңғартатын мың бір ақиқатты бірі екенін ғалымдар айтқан.

Төлеби Оспан,

Ақтөбе облысының Бас имамы

 

[1] Исра сүресі, 1-аят

[2] Таһа сүресі, 11-14 аяттар

[3] Анғам сүресі, 103-аят

[4] Бұхари, Муслим

[5] Бұхари