Сүйінші: Тұңғыш «HALAL MARKET» ашылды 232

Сүйінші: Тұңғыш «HALAL MARKET» ашылды

21 қазан 2020 1255 Оқу 1 минут

«Халал Даму» мекемесі мен ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе облысында халал апталығы басталды. Осыған орай, Ақтөбеге «Халал Даму» мекемесінің Директоры Айбек Аташев пен мекеменің Бас сарапшысы, технолог Айжан Омарова арнайы іс-сапармен келді.

Халал апталығының жұмысы Ақтөбе қаласында «HALAL MARKET» дүкенінің салтанатты түрде ашылуынан басталды. Директор Айбек Аташев жас кәсіпкер Наурызбаева Жұлдыз Төреғалиқызына «Халал Даму» сертификатын табыстап, кәсіптеріне береке тіледі. Бұл Республика бойынша тұңғыш болып ашылған халал маркет. Дүкеннің басқалардан басты ерекшелігі – тек қана халал сертификатын алған өнімдерді ғана сатумен айналыспақ. Бұл өз кезегінде Ақтөбелік тұтынушылар үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр.

«Ақтөбе қаласында іске қосылған «Halal Market» дүкені Республика бойынша тұңғыш дүкен болып отыр. Облыс имамы Төлеби Оспанның бастамасымен кәсіпкерлердің қолдауымен ашылып отырған маркет халал өнімдерді іздеушілер үшін өте қолайлы. Біз бұл сапарымыз барысында сертификат алған мекемелердің жұмыстарын тексеріп, кәсіпкерлер мен дін қызметкерлеріне оқыту семинарын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді өз сөзінде мекеме Директоры Айбек Аташев.

Сонымен қатар, «Халал Даму» мекемесінің тексерісінен өткен Алға қаласындағы «Family Food» тамақтану орталығына да салтанатты түрде халал сертификаты табысталды. Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысы бойынша «Халал Даму» сертификатын иеленген мекемелер саны 16-ға жетіп отыр.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің 

баспасөз қызметі