Сүйінші: Ақтөбе мешіттерінде жұма намазы оқылды 566

Сүйінші: Ақтөбе мешіттерінде жұма намазы оқылды

05 наурыз 2021 337 Оқу 1 минут

Былтыр бүкіл әлемнің басына төнген «Covid-19» дертінің кең етек алуына байланысты елімізде карантин режимі енгізіліп, жұма намаздарының оқылуы уақытша тоқтатылған еді.

Бүгін қасиетті жұма күні жасыл аймақтағы Ақтөбенің барлық мешіттерінде бір жылдан кейінгі алғашқы жұма намазы оқылды. Келушілер арнайы бекітілген талаптарға сай маска режимінде арақашықтықты сақтап саптарға отырғызылды. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне жиналған ақтөбелік жамағатпен бірге ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі Шоқанов Сансызбай қажы Құрбанұлы жұма намазын оқыды. Қасиетті күнде бір сапта жүздерін құбыла қаратқан жамағатқа жұма күнінің маңыздылығы жайлы насихат айтып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауы мен ыстық ықыласын жеткізді. Намаз соңында Алладан еліміздің тыныштығын сұрап, елге төнген дертке қарсы дауа тіледі. Облыстың Бас имамы Төлеби Оспан жамағатқа алдағы уақытта да жұма намазын бекітілген нұсқаулық пен тәртіпке сай оқуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысы жасыл аймақтағы өңірлердің қатарында болып, жергілікті ауыл жамағаты 5 ақпаннан бері жұма намазын оқып келе, 5 наурыздан бастап, Алланың жәрдемімен қала, аудан мешіттерінде жамағат жұма намазын оқу бақытына ие болды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі