Ақтөбе: РАНТ мүшесі түсіндіру жұмыстарын жүргізді 565

Ақтөбе: РАНТ мүшесі түсіндіру жұмыстарын жүргізді

03 наурыз 2021 242 Оқу 1 минут

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында бекіткен жоспарда уағыз-насихат бағытының негізгі жұмыстарының бірі ретінде – РАНТ мүшелерінің түсіндіру жұмыстарын жандандыру болған.

Осыған орай, өткен апта РАНТ мүшесі Әбішев Қуаныш Тоқсанбайұлы Ақтөбе облысына арнайы іс-сапармен келді. Ең алдымен Мұғалжар ауданынан бастау алған түсіндіру жұмыстары аясында жергілікті АІІБ қызметкерлерімен кездесіп, «Теріс ағым мүшелерінің белгілері және оларды қалай ажыратамыз?» атты тақырып аясында лекция өткізді. Мемлекеттік қызметкерлер өздерін мазалаған түйткілді сауалдарын қойып, дін маманынан тұшымды жауаптар естіді. Одан кейін, жергілікті жамағатқа «Сахих хадис дегеніміз не және оны қалай түсінеміз?» тақырыбында жалпы кездесу өткізіп, хадис ғылымының күрделі әрі маңызды мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Жамағатпен жекелей кездесу өткізіп, дәстүрлі бағытқа оңалту бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді. Кешке құптан намазы уақытында «Бірлігі жарасқан жамағат» атты тақырыпта мешіт жамағатымен дастарханда сұхбат құрып, сұрақтарына жауап берді.

Сапарын Темір ауданында жалғастырған РАНТ мүшесі Қуаныш Тоқсанбайұлы Шұбарқұдық локомотив депосы қызметкерлерімен жүздесіп, «Ислам дінінің кемелдігі» турасында сөз қозғады. Артынша Жақсымай ауылы, Шұбарқұдық кәсіпшілігі мешітіне жұма намазына жиналған жамағатпен кездесті. Құптан намазы уақытында қазіргі қоғамда мұсылман мінез-құлығының маңыздылығы турасында әсерлі уағыз айтты. Сондай-ақ, аудандық «Жастар саясаты және дін істері» орталығының «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасына «Бала тәрбиесі» тақырыбында сұхбат берді.

Қорыта келгенде РАНТ мүшесі Қуаныш Әбішев 7 жалпы кездесуінде 144 адам қамтылды.

Еске сала кетсек, ақпан айында жергілікті РАНТ мүшелері Әбдімүтәлі Дәуренбеков және Нұрлыбек Күзенбаевтың түсіндіру жұмыстарына нәтижесінде жалпы саны 7 онлайн уағыз-дәрісі өткізіліп, 1765 қаралым болды. 4 сұхбат өткізіліп, 2 мақала сайтқа шықты. «Иман» журналына 1 мақала жарық көрді. You Tube каналына 6 видеоуағыз шығып, 1906 қаралым жинады.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі