Шалқарда Қадір түнін атап өтті 3341

Шалқарда Қадір түнін атап өтті

08 сәуір 2024 498 Оқу 1 минут

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінде сәуірдің 5 – нен 6 – на қараған түні Қадір түні жоғары деңгейде аталып өтіп, жиылған жамағатқа арналып бірнеше шаралар ұйымдастырылды.

Шалқар ауданында мешіт имамдары мен ұстаздары мешіттің іші-сыртына тола жиналған жамағаттың Қадір түнінің берекесіне молынан кенелуі үшін Қадір түніне арналған бағдарлама бекітіп, сол бағдарлама негізінде бірқатар игі істер атқарды.

Ең алдымен, Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің асханасында ауызашар дастарханы жайылды. Құптан намазынан кейін Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков жамағатқа Қадір түнінің маңыздылығы, Қадір түні орындалатын ізгі амалдар жайлы насихат айтты. Жамағат болып Құптан, Тарауих намаздары оқылып, еліміздің, жеріміздің амандығы үшін дұға етілді.

Айта кетейік, биыл тарауих намазын Түркия елінен келген қари жүргізді. Қасиетті Қадір түні тарауих намазынан кейін жамағатпен Құран хатым дұғасы жасалды. Аудан имамы Абзал Медетбеков барша жамағат атынан қариға алғыс айтып, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, сый – құрмет көрсетті.

Келесі кезекте «Құран – мәңгі мұғжиза» атты жамағат арасында «Духа» мен «Нәс» сүресінің аралығанда және Шалқар қаласының медресе шәкірттерінің арасында Құранның 30-шы парасынан жарыс өтті. Сайысқа 21 адам қатысып, Шалқар ауданының бас имамы және тарауих намазында хатым түсірген 3 қариымыз жарыста төрелік өтті.

Тартысты доданың қорытындысы бойынша медресе шәкірттерінің арасында өткен Құранның 30 – шы парасынан сайыста жүлделі 1 – орынды Диас Амандықұлы (20 000 теңге), 2 – орынды Расул Нұрланұлы (15 000 теңге), 3 – орынды Абдрахман Берікұлы (10 000 теңге) жеңіп алса, мешіт жамағатының арасында өткен жарыста «Духа» мен «Нәс» сүресі номинациясы бойынша жүлделі 1 – орынды Асыланбек Сағынтаев (20 000 теңге), 2 -орынды Әлібек Сағынтаев, 3 – орынды ең кішкентай қатысушы 7 жасар Мұхаммед Ерланұлы иеленді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ, жамағаттың білімін арттыру мақсатында Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің азаншысы Қайрат Қаймолдин фиқх дәрістері бойынша викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырып, үздік жауап бергендерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Қадір түнінің соңына қарай жамағат тәһәжуд намазын оқып, жеке құлшылықтарын жасады. Мешітте сәресі беріліп, құлшылықпен басталған қасиетті түн құлшылықпен аяқталды.

Осы күні жамағатқа бірнеше уағыздар айтылып, құлшылық маңыздылығы түсіндіріліп, Қадір түнінің ерекшеліктері мен артықшылықтары насихатталды.

Қадір түнінің қасиетін барынша пайдаланып қалуға тырысқан жамағаттың қарасы таң намазында да азаймай, таң намазын жамағат болып оқыған соң көпшілік ризашылықтарын білдіріп, үйлеріне тарқасты.