Шалқар: Көркем мінез кемеңгері Мұхаммед ﷺ »  атты Мәуліт кеші өтті 3009

Шалқар: Көркем мінез кемеңгері Мұхаммед ﷺ » атты Мәуліт кеші өтті

18 қазан 2023 62 Оқу 1 минут

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» және қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің ұйымдастыруымен «Көркем мінез кемеңгері Мұхаммед  » атты адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Мәулітіне арналған рухани кеш өтті. 

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің асханасында өткен рухани шарада алдымен Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне Құран оқумен басталып, Шалқар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мәуліт жыры мен термелерді айтумен жалғасын тапты. Ал кеш барысында Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен көрсетілген бейнебаян көрермендерге ерекше әсер етті.

Аталған кешке арнайы қонақ ретінде келген Жамбыл облысы, Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы қатысып, салауат айтудың артықшылықтары мен Пайғамбарға құрмет көрсетудің абзалдығы жайында насихат айтты.

«Адамзаттың ұлы тұлғасы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмыры барлық адамзатқа өнеге. Оның тағылымы сарқылмас кәусар іспетті, сондықтан да ұлық Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық құрмет лайық. Біз осынау рухани кешті өңір жұртшылығы сіздерге арнап ұйымдастырып отырмыз»,- деп атап өтті ауданның Бас имамы Абзал Медетбеков.

Рухани ғибратқа толы кешті Шалқар қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Інжілісұлы бастаған ақсақалдар қорытындылап, батасын берді.

Айта кетейік, ізгі шараға аудан әкімшілігінің қызметкерлері мен кәсіпкерлер, ауыл ақсақалдары және жамағат қатысты.

Ізгілікке жол бастар шара қортындысында қатысушылар рухани кештің әсерін бөлісіп, Мәуліт мерекесінің жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғандығын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі